Елбасының Жапонияға сапары аяқталды
Осы аптада ел халқы 126-императоры Нарухитоны ұлықтау рәсімін өткізді. Айтулы шараға қатысуға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы шақыртылған болатын. Бұл елдің Тұңғыш Президентке деген құрметін көрсетсе керек. «Елбасының Жапонияға сапары жемісті аяқталды», – дейді сарапшылар. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаев таққа отыру рәсімінен бөлек, бірнеше кездесу өткізді. Премьер-Министр Синдзо Абэмен жүздесіп, экономикалық мәселелермен қатар, Корея түбегіндегі жағдайды талқылады. Қазір Жапония елімізге құйылатын инвестиция бойынша жетінші орында тұр. Өткен жылы өзара тауар айналымы, рекордтық 2 млрд долларға жеткен. Алдағы жылдары еліміздегі архив деректері жапон технологиясы бойынша цифрлық жүйеге көшірілмек. Токиода Елбасыға, бірлескен жоба таныстырылды. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевқа Цукуба университетінің Құрметті докторы атағы берілді. Бұл Нобель лауреаттары түлеп ұшқан әлемге әйгілі оқу орны. Мұнда қазір жүзден астам қазақстандық жас білім алуда. Сапарды салмақтай келе сарапшылар император Нарухитоның тұсында да, серіктестік дами беретініне сенім білдіреді.
Ерлан Мәдиев, ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы:
- Жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша екі елдің ұстанып отырған позициялары өте ұқсас, жақын. Нұрсұлтан Әбішұлының осы жолғы сапары екі елдің әрі қарай дамуына жаңа серпін береді деп ойлаймын.
Лидия Пархомчик, ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы:
- Жапония – экономикалық мүмкіндігі мол, әлемдік аренадағы саяси салмағы зор мемлекет .Егер Жапонияның жүріп өткен жолын, жеткен жетістігін өзіміздің стратегиялық дамуымызға бағдар етіп ұстасақ, ұтылмаймыз. Мәселен, «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Жапонияның «Абэномика» саясаты үндес. Сондықтан индустриялық дамуда үйренеріміз әлі де көп.