Қазақстан-Беларусь кәсіпкерлері 75 млн доллардың келісіміне қол қойды
Елордада өткен бизнес форумда екі ел кәсіпкерлері өзара сауда-саттықты арттыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп, тамақ және дәрі-дәрмек бойынша құны 75 млн доллар болатын бірқатар келісімге қол қойды. Бұл қандай келісімшарттар, оның Қазақстанға тигізер пайдасы қандай?
Құны 75 млн доллар болатын 15 маңызды құжатқа қол қойылды. Басымдық агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға берілді. Бұл екі жаққа да тиімді. Өйткені Қазақстанның нарығына қызыққан әріптес елдің кәсіпкерлері: «Тек тауарын өткізуді ғана емес, экономикаға серпін беруді көздейміз», – дейді.
Виталий Вовк, Минск трактор зауытының бас директоры:
- Трактор тек ауыл шаруашылығына арналған жабдық емес. Ол коммуналдық салада құрылыс пен жолдарды жөндеуге қажетті дүние. Сондықтан біз Қазақстан нарығына тауарымызды енгізіп қана қоймай, оның дамуына қарқын береміз деп сенемін.
Осындай қызығушылықпен келген ірі кәсіпорын басшыларына еліміз де қуанышты. Өйткені Беларусьпен сенімді серіктестіктің күшеюіне инвестициялық салым себеп болып отыр. Былтыр екі ел арасындағы сауда айналымы 712 млн долларды межелепті. Ал 2005 жылдан бастап 1 млрд доллардан асып кеткен. Оның үстіне, бүгінде Қазақстанда Беларусь капиталының қатысуымен 350-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр.
Роман Скляр, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Өткен жылы елімізге тартылған инвестиция көлемі 16% артып, 24 млн доллардан асты. Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздегі шетелдік инвестиция 300 млн долларды құрайды. Сондықтан Беларусиямен де серіктестікті жалғастыруды көздейміз.
Кеңес дәуірінде «жинаушы цех» атанған Беларусь әлемге танылған «БелАз», самосвал және тракторды өндіру тәжірибесімен бөлісуге қуана келіседі. Тіпті Қазақстанға жасалатын бөлшек импортына субсидия беріп, мүмкіндікті ұлғайтпақ.
Павел Ютупин, Беларусь Республикасының Өнеркәсіп министрі:
- Біз Қазақстан тұтынатын тауарлардың белгілі бір көлеміне лизингтік және несиелік үлесіне жеңілдік жасаймыз. Сондықтан субсидия негізінде пайыздық үлес те айтарлықтай төмендейді. Ол елдеріңіздегі ауыл шаруашылығымен айналысатындар үшін тиімді болмақ.
Қос тарап жеңіл өнеркәсіп, тағам мен дәрі-дәрмек бойынша да ортақ мәмілеге келді. Әзірге 75 млн долларға келісімшарт рәсімделді. Келер жылы құны 45 млн долларға сай жабдыққа шарт жасалады деген жоспар бар. Ал ырысты ынтымақтастықтың жалғасуы келелі келіссөздермен жалғасын табатыны анық.
Авторлары: Лаура Қуанышқызы, Әлібек Әлиев