Маңғыстау облысындағы тозығы жеткен үйдің тұрғындары «Хабар» арнасына шағым айтты
Бірнеше ай бұрын әкімдікке арызданған. «Алайда әлі қозғалыс жоқ», – дейді тұрғындар.
Шұғыла мөлтек ауданындағы көпқабатты үй өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған. Жарты ғасырға жуықтаған ғимараттың тозығы жетіпті. «Шатыры тесіліп, қабырғалары жарылған. Еден сықырлап, есік-тереземіз қирағалы тұр», – дейді тұрғындар.
Рабиға Ахметова – бұл үйге алғашқы қоныстанушылардың бірі. Тұрғын үйге 50 жылда бір де бір жөндеу жүргізілмегенін айтады. «Көшеден көлік өткен сайын үй қозғалады. Ғимарат қашан опырылып түсер екен деп қорқып отырамыз», – дейді ол.
Рәбиға Ахметова, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
- Үйді көріп тұрсыздар, бұл басында 60 пәтерлік болды. Сосын 1-2 жылдан кейін 28 пәтерді көшіріп жіберді. Қалған 32 пәтер міне, әлі күнге дейін отырмыз. Үйіміз жарылды. Біз майлап-майлап қойдық.
Жергілікті биліктің мәліметінше, қалада апатты деп танылған екі үй бар. Оларды көшіру үшін қала қазынасынан қаражат бөлініп, былтыр шаһардың өзге бөлігінен үйлер салынды. Қазір апатты үйдің тұрғындары су жаңа пәтерлерде тұрып жатыр. Ал бізге шағым түсірген бір топ азамат жаңа үйге көшіріледі ме?
Берік Ізғалиев, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары:
- Бұл үйлерге байланысты зерттеулер қорытындысын қарай отырып, комиссияда талқылап, апаттық деп таныла ма әлде жөндеуге келетін ескі үй ме, соны анықтаймыз. Содан кейін барып келесі шешімдер қабылданады.
Былтыр Жаңаөзендегі барлық үйге зерттеу жүргізіліп, 262 үйдің 92-сінің ескі екені анықталды. Олар Үкіметтің «Жаңаөзенді 2024 жылға дейін кешенді дамыту» бағдарламасы аясында кезең-кезеңімен жаңартылады. Осы мақсатта биыл 25 үйге 250 млн теңге бөлінді. Жобалық-сметалық құжаттары жасалып біткен соң мамандар күрделі жөндеуге кіріседі.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев