Бұқтырмадағы су қоймасына кәріз жүйесінен құйылып жатқан лас зат толық тоқтады
Одан аққан лас заттың бәрі суға жайылып жатқанын айтып, Бұқтырма кентінің тұрғындары дабыл қаққан. Алайда құзырлы органдар бұл мәселені созбалаңға сала бастайды. Осыдан соң халық «Хабар» арнасына хабарласып, көмек сұраған. Біздің осы өңірдегі әріптестеріміз туристік аймақтың эко-ахуалы туралы журналистік зерттеу жүргізіп, бірнеше материал дайындады.
Бұқтырма су қоймасының ахуалы ала жаздай жыр болды. Жергілікті тұрғындар жағадағы қырық жамау кәріз құбырынан аққан лас заттың бәрі суға құйылып жатқанын ұялы телефонға түсіріп жариялап, құзырлы органдарға шағым түсірген. Осыдан соң түрлі қадағалаушы органдар алма кезек тексеруді бастайды. Мәселенің соңы тым сұйыла бастайды. Бірақ тұрғындар өздері судан сынама алып, тәуелсіз зертханада зерттеуге береді. Нәтижесінде Бұқтырманың суында зиянды бактерияның 70 мың есе көбейгені анықталады.
Ольга Бойка, Өскемен қаласының тұрғыны:
- Қызым суға шомылатын аумақта бірнеше рет сүңгіп шыққан болатын. Содан-ақ қатты ауырды. Өскемендегі жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп, жаны әрең аман қалды.
Облыстық Экология департаменті ала жаздай судың таза екенін дәлелдеумен болды. Тіпті қозғалған қылмыстық іс те қысқарып қалады.
Ал қыркүйек айында тұрғындар жеке сүңгуірді су түбіне түсіреді. Ол 70 метр тереңдіктен ұзындығы 70-80 метрге жуық кәріз құбыры бар екенін анықтап, одан аққан арам заттың бәрі суға араласып жатқанын фото-видеоға түсіріп, судан алынған сынама арқылы улы затты дәлелдейді.
Сергей Васильев, құқық қорғаушы:
- Осы мәселені БАҚ көтермесе, орнынан қозғалмас еді. Өйткені қазір ақпарат ағыны деген өте көп. Әсіресе «Хабар» арнасы қатаң қадағалауға алған соң, жаздың соңына қарай ғана құзырлы органдар қимылдай бастады.
Экологоия департаменті мен прокуратура қайта тексеру жүргізіп, су қоймасының ластанып жатқанына көз жеткізіп, кәріз құбыры жабылады.
Дмитрий Кавригин, облыстық Экология департаментінің басшысы:
- Кәріз жүейесі толық жабылды. Арам су ағып жатқан құбырдың тесігін арнайы арматурамен дәнекерледік. Ал келесі жылы туристік маусым басталғанда құбырды қайтадан тексеретін боламыз.
Кәріз құбырының су түбіне қарай енетін тұсы жабылғанын тұрғындар да растап отыр. Ол туралы телефонмен хабарлады.
Марина Сафонова, Жаңа Бұқтырма кентінің тұрғыны:
- Кәріз суы ағатын құбырдың суға еніп тұрған жері толық жабылды. Бірақ экологтар әлі де қадағалауда ұстап отыр.
Бұқтырмаға ағып жатқан арам су тоқтады. Бірақ су астында жатқан кәріз құбыры қандай мекемеге тиесілі екені әлі анықталған жоқ.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин