Ақтөбеде шаруа қожалықтары субсидия ала алмай отыр
Мемлекеттік бағдарлама аясында берілетін субсидия бірнеше айдан бері тоқтатылған. Қазір биліктің берешегі 4 млрд теңгеге жуықтапты. Жыл соңына дейін екі есе өседі деген болжам бар. «Бұл қаражат дер кезінде төленбесе, төрт түліктің қысқы азығын қажет мөлшерде даярлай алмаймыз», – деп отыр шаруалар.
Ірі қараның етті тұқымын өсіруді қолға алған Вадим Халиуллин соңғы екі жылда мал басын 3 есе көбейткен. Жайлауды қазақтың ақбас сиырымен толтыруды көздейді. Алайда төрт түлікті асылдандыру бағдарламасы аясында тиесілі субсидияның төленбеуі қолбайлау болып тұр. Қазір билік шаруа қожалығына 3 млн теңге қарыз.
Вадим Халиуллин, шаруа қожалығының директоры:
- Қаражат берілмесе, қарыздардан құтылу үшін қолымдағы малды сойғаннан басқа амал жоқ. Қайтадан тақырға отырамын, бар еңбегім зая кетеді. Қолдау болмаса, одан әрі кәсіпті жүргізуге ешқандай мүмкіндік жоқ. Қожалықты жабуға тура келеді.
Асылтұқымды мал басын көбейтуге рәсімдеген несие де ондаған шағын шаруа қожалығына жүк болған. Бұл мәселені жергілікті билік өкілдері де растап отыр. Қарыз көлемі 3,8 млрд теңге шамасында. Биыл облыс бюджетінен субсидияға деп бөлінген қаржы әлдеқашан таусылған. Бірінше кезекте бұл сома былтырдан қалған қарызды өтеуге жұмсалыпты. Сондықтан шенеуніктер Үкіметтен қосымша қаржы сұрап отыр.
Құсайын Сәрсембай, Ақтөбе облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының жетекшісі:
- Қазір берешек бар екені рас. Бүгінгі күнге түсіп тұрған өтінімнің 2 млрд 185 млн теңгесі мақұлданып тұр. Қалғаны сақтық қорға түсіп тұр. Бұл ақша егер мүмкіндік болса, жылдың аяғына дейін 100% беріледі. Болмаса 2020 жылдың басында, ақпан айында төленетін болады.
Биылғы қуаңшылық та шаруа қожалықтары үшін жығылғанға жұдырық болып тұр. Мал азығының қымбаттауы ет пен сүн өнімдерінің бағасына тікелей әсер етуде. Облыстық Статистика департаменті мамандарының айтуынша, базардағы еттің барлық түрі қымбаттаған.
Гүлфариза Такишева, Ақтөбе облыстық Статистика департаментінің жетекші маманы:
- Сиырдың жауырын төс бөлігі 4,6%, сүйегі бар жылқы еті 11,3%, шошқа сүйегі бар қой еті 7,8%, тауық еті 3,1%, ал пастерленген, майлылығы 2,5% сүтке баға 6,4% жоғарылады.
Шаһардағы сауда орындарын аралап, орташа бағам шығаратын статистика мамандарының мәліметімен тұрғындар келісе бермейді. Айтуларынша, соңғы 1 айда ет 500 теңгеге қымбаттады.
Сатушылардың айтуынша, жергілікті нарыққа тауар жеткізетіндердің басым көпшілігі – шағын серіктестіктер. Ал базар бағасына әсер етуге қауқарлы ірі шаруа қожалықтары өнімдерін көбіне экспортқа шығарады. Статистика департаментінің мәліметінше, биыл 8 айда Ақтөбе облысынан шет елдерге шығарылған ет көлемі 1500 тоннаға жеткен. Өткен жылы бұл көрсеткіш 400 тонна ғана болатын.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков