Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығы арта бермек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаеваны қабылдады. Кездесуде екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы байланысты нығайту жайы қаралды. Президент бұл саладағы ынтымақтастық Қазақстан мен Өзбекстанның арасын жақындата түсетініне сенім білдірді. Кездесуде сауда-саттық көлемінің де артып келе жатқаны айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- 2018 жылы өзара тауар айналымы 2,5 млрд долларға жетті. Ал биылғы 9 айда былтырғы межеден асты. Жыл соңына дейін тағы артатын болады. Аймақаралық әріптестіктің келешегі зор. Көліктік байланыс та маңызды. Астаналарымыз арасында тікелей рейстер көбейді. Экономика салаларында ауқымды жобалар бар. Сол арқылы біз бір-бірімізді толықтыра аламыз. Ол үшін әріптесім Шавкат Мирзиёевпен қажетті шараларды қолға алуға келістік. Парламентаралық байланысқа да қолдау көрсетеміз.
Танзила Нарбаева, Өзбекстанның Олий Мәжілісі сенатының төрағасы:
- Құшақ жая қарсы алғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Бауырлас ел бізге барынша сый-құрмет көрсетіп жатыр. Осы сапар алдында Президентіміз өзіңізге және Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ыстық сәлемін және жоғары құрметін жеткізуді тапсырған еді әрі қызметіңізге сәттілік тіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен тату-көршілік әрі экономикалық тұрғыда тиімді қарым-қатынас орнатты. Соның нәтижесінде соңғы 3 жылда екі елдің байланысы жаңа деңгейге көтерілді», – деді. Биыл көктемде Президенттің Ташкентке жасаған мемлекеттік сапары сол бағыттағы бастамаларды нығайта түскені сөзсіз. Бауырлас елде биыл Қазақстан жылы аталып өтуде.