Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу басталды
«Қыс – 2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары басталып, мамандар біліктіліктерін пысықтады. Шара барысында бірнеше сценарий қарастырылып, құтқару операциялары түрлі жағдайларда өрбіді.
Апат айтып келмейді. Сондықтан кез келген төтенше жағдайға сақадай сай болу керек. Мәселен, қыс мезгілінде жиі кездесетін жылу құбырының жарылуы. Жедел әрекет ету жасағы бұл олқылықты дер кезінде қалпына келтіріп, үлкен апаттың алдын алды.
Ал сарышұнақ аязда жапан далада жоғалған балықшыны іздеуге әскери бөлімнің сарбаздары да тартылды. Аумақты бірден тінтуге кіріскен жауынгерлерге көмекке иісшіл ит те келді. Адам іздеуде төрт аяқтылардың көмегі орасан зор екендігін ол бірден көрсетті.
Жалпы мамандар былтырғы қыста қар құрсауынан 78 адамды құтқарыпты. Оның ішінде 15 бала бар.
Марғұлан Аманбаев, Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы:
- Былтыр жол үстінде қаза тапқандар болған жоқ. Көмек уақытында көрсетілді. Былтыр қалалық әкімдік бізге қыста, көктемде жүруге ыңғайлы техникалар алып берді.
Оқу-жаттығу барысында өрт сөндіру жұмыстары да пысықталды. Көпқабатты үйде қысқа тұйықталу болып, қызыл жалынның салдарынан адамдар сыртқа шыға алмай қалды. Мамандар кей тұрғындарды арқанмен құтқарып жатыр. Бірақ бұған ұзақ уақыт кетеді. Сондықтан өзге тың жабдықтар қолданылады.
Риат Шони, тілші:
- Соңғы кезде құтқарушылар мынадай батутты жиі қолдана бастаған. Оның ерекшелігі биік ғимараттарда өрт шыққан кезде адамдардың эвакуациясы жеңіл болуы үшін балконнан немесе терезеден дәл осы батутқа секіре салады. «Бұл – қауіпсіз», – дейді құтқарушылар. Қауіпсіздігін қазір тексеріп көреміз.
Жалпы «Қыс – 2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы 6 қарашаға дейін жалғасады.
Авторлары: Риат Шони, Аят Дүйсембаев