Аршалы кентіндегі тасқын шайған көпір әлі жөнделмеген
Бұрын болған, бірақ су шайып кеткен. Тұрғындар жергілікті билікке бірнеше рет шағымданған. Мәселе шешілмеген соң халық арнамызға хабарласты. Жарты жыл жөнделмеген көпір қашан қалпына келтіріледі?
Риат Шони, тілші:
- Аршалыдағы Писарев көшесі тұрғындарының күнделікті жүретін жолы. Бір қарасаң, өзге елді мекендердегі жолдардан дым айырмашылығы жоқ. «Бірақ дәл осы жерге келгенде біраз қиындықты көресің», – дейді тұрғындар. Жылда көктемде бұл жерді су басады екен. Ал жергілікті билік тасқынның алдын алу үшін бұл жерге мынадай су өткізгіш құбырларды орнатыпты. Тұрғындардың айтуынша, бұл құбырдың диаметрі бастапқы кезде 1200 мм болған. Кейін оны 1000 мм-ге алмастырған екен. Бірақ тау мен тасты бұзатын қызыл суға бұл бетон құбырлардың да шыдас бермегені көрініп тұр.
Бұл – жылда қайталанатын сценарий. Алқаптардан күшті екпінмен келген тасқын су әр көктем сайын жолды қопарып, кейін тұрғындар бұзылған көпір арқылы қатынауға мәжбүр.
Балалар мектепке бару үшін осы өткелмен өтулеріне тура келеді. Ал айналма жолмен жету алыс. «Оның өзін қыс мезгілінде қар алып, аяқ алыс тіптен қиындай түседі», – дейді наразы тұрғындар.
Николай Шамкий, Аршалы кентінің тұрғыны:
- Мен мұнда 25 жыл тұрып келемін. Көпірді 21-ші рет шайып кетіп жатыр. Аудан әкіміне барғанмын, шаруалары болып қабылдамады. Кейін екі орынбасары келіп, барлығын қарады. «Көпірді жөндейміз», – деп уәде етті. «Бірақ оған ақша жоқ», – деді. Менің ойымша, бұл жерді жөндеуге жылда қаржы бөлінеді.
Қаржыдан таршылық көріп отырғандығын тұрғындармен кездесуге келген кенттің әкімі де растады. Ғабдолла Ахметжановтың айтуынша, бұрындары көпірді жөндеуге бюджеттен ақша қарастырылмаған.
Ғабдолла Ахметжанов, Аршалы кентінің әкімі:
- Бұл су өткізгіштерге бюджеттен қаржы қарастырылмай келген. Жыл сайын өз қолымызбен техника тартып, жұмыстар тындыратынбыз. Әрдайым осылай істей беретін болсақ, жылда тасқын көпірді бұзып кете беретін еді. Енді біз жыл басында күрделі жөндеуге қаржы сұрадық. Бізге республикалық бюджеттен ақша берді. 2-3 аптаның ішінде күрделі жөндеу жүргіземіз. Жоба құны 5 млн теңгеден асады.
Кент әкімі сөзін растау үшін жобалық-сметалық құжаттаманы да көрсетті. Тағы қарашаның қара суығында жөнделген көпір келер жылы қызыл су келгенде шайылып кетпейді деп те сендірді. Бұл берік сенім көктемде шыдас береді ме, жоқ па? Оны уақыт көрсетеді.
Авторлары: Риат Шони, Бекболат Базаров