Қазақстан биыл Ресейге 3,5 млрд доллардың тауарын саудалаған
Айтулы шараға екі ел басшылары мен бизнес өкілдері сала министрлері қатысуда. Мемлекет басшысы мінген ұшақ Омбы әуежайына келіп қонды. Жалпы ел мүддесі үшін екі президент жиі жолығып отырады. Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басынан бері көрші елге 3 рет сапарласа, Владимир Путинмен бүгінге дейін 4 рет екіжақты кездесу өткізіп үлгерді. Олар шекара маңындағы мәселелердің түйінін тарқатуы тиіс.
Бұл жолы іргедегі көршіміз ауқымды аймақаралық жиынға ұйытқы болып отыр. Форум алғаш рет 2003 жылы осы қаладан бастау алған болатын. Омбы араға 16 жыл салып тағы да қос елдің делегациясын қабылдап отыр.
Биылғы тақырып: шекара маңындағы ынтымақтастықты дамыту. Бұл – қос ел үшін де маңызын жоймайтын мәселе. Біз үнемі Ресей Қазақстанның басты сауда серіктесі дегенді жиі айтамыз. Өйткені шекаралас жатқан соң алыс-берісіміз аз емес.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі:
- 2003 жылдан бастап 200-ден астам келісімшартқа қол қойылды. Оның жартысынан астамы коммерциялық құжаттар. Сол жылдармен салыстырғанда тауар айналымы 3,5 есеге өсіп отыр. Ол – осындай кездесулердің нәтижесі.
Былтыр тауар айналымы 17 млрд доллардан артыпты. Бұл одан алдыңғы жылдармен салыстырғанда әжептеуір көп. Бірақ тараптар: «Ел әлеуетін әлі толық пайдаланып отырған жоқпыз», – дейді.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Әрине, 17 млрд деп отырғанымыз ол бүгінгі мүмкіншіліктерімізге жетпей отырмыз. Себебі кедергілер бар. Бір-бірімізге бақталастық жасамай, кооперацияға шақырып отырмыз. Сондықтан ресейлік әріптерімізге ұсынатынымыз, бірге кооперация жасап, бизнестерімізді қосып нарыққа шығару керек. Міне, осындай келісімдер де бар.
Қазақстан биыл көрші елге 3,5 млрд доллардың тауарын саудалаған. Ал Ресейден 9 млрд долларға жуық тауар тасымалдаған. Яғни импорт пен экспорт арасы жер мен көктей. Біздің шекарамыздан өтетін тауарлардың 40% осы елдікі. Бірақ Ресейдің кейбір өңірлері сауда сөрелеріне қазақстандық тауарларды қоюға құлық танытпайды. Сылтаулары сан түрлі. Тіпті зертханалық талдаудан өтпей қалды деген желеумен тонналаған тауарды кері қайтаратын кездері бар. Кәсіпкерлердің бұл машақатын біздің министрліктер де растайды.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Тиісті шешімдер бар. Бірақ өңір басшылары осындай қолдан шыққан кедергілерді тудырып отыр. Мысалы сауда желілері, супермаркеттер біздің тауарға 2-3 сөресін ғана беріп отыр. Министрліктің бірінші міндеті – осы кедергілерді жою.
Омбыдағы уағдаластықтар осы түйткілдердің тігісін жатқызуы тиіс. Бұдан бөлек шекаралас облыстардың өзара алыс-берісі, жүк көліктерінің шекарадан кедергісіз өтуі қаралады.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Қазір Ресеймен арадағы 30 өткізу пунктіне жаңғырту жұмыстарын жүргізбекшіміз. Жалпы екі ел арасында 100-ден астам бекет бар. Жиын барысында осы бекеттердегі көлік кептелісін азайтып, түрлі кедергілерді жоюды жоспарлап отырмыз.
Шынар Асанқызы, тілші:
- Өңіраралық форумды кезек-кезек, бір жылы Қазақстанда, бір жылы Ресейде өткізу дәстүрі қалыптасқан. Былтыр Петропавлда, биыл Омбыда, ал келер жылғы кезек Көкшетауда. Қазіргі күні екі елдің шекаралас облыстарында 35 млн-дай халық тұрады екен. Демек, осы өңірлердің экономикалық байланысын бекемдеу қай елге де тиімді. Сондықтан дәл қазір мемлекет басшыларының қатысуымен жекелеген және кеңейтілген кедесулер өтіп жатыр.