Павлодар облысында әлеуметтік маңызды мәселелер талқыланды
Бұл туралы өңірге іссапармен барған Бердібек Сапарбаев айтты. Оның үстіне аймақта білікті дәрігер тапшы. Дегенмен, бұл мәселе алдағы 3 жылда шешіледі деген үміт бар.
Павлодарлық 103 қызметі шақыртуға 12 минутта жетеді. Облыстық Жедел жәрдем бөлімі 100-ден астам арнайы GPS тетігімен жабдықталған. Дегенмен, бұл салада шешімін таппай тұрған мәселе бар.
Бердібек Сапарбаев, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары:
- Келесі жылдан бастап денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруда мәселе туындамауы тиіс. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізіп, барлық проблеманы шешуіміз керек. Біздің болжам бойынша алдағы 3 жылда осы салаға кететін шығын 1,5 есеге артуы қажет.Яғни,1,3 триллион теңгеден 2,5-3 триллионға артады.
Бердібек Сапарбаев БАҚ-та жиі көтеріп жүрген бұл мәселені шұғыл шешу қажеттігін айтты. Ал осы салаға жауапты өкіл мәселені келесідей тарқатты.
Ардақ Көзеков, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшының міндетін атқарушы:
- Медициналық мекемелер бойынша жетпей жатқан ақша көлемі 2 млрд теңгеден асады. Бұл проблеманың туындауына бірнеше себеп бар. Әр адамға медициналық қажеттіліктер бойынша бөлінетін ақша мөлшері басқа аймақтармен салыстырғанда өте аз. Бізде ол 850 теңге болса, өзге аймақтарда 100 теңгеге артық.
Проблема жыл соңына дейін шешілуі тиіс. Үкімет мүшелерімен кездескен ұстаздар қауымы да саладағы қордаланған мәселелерді ортаға салды. Әсіресе оқулықтарда жиі кездесетін қателіктер ел ішінде үлкен дау тудырып жатыр.
Шолпан Каринова, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің орынбасары:
- Біз бірінші басылымнан кейін міндетті түрде келесі басылымдарды жасайтын боламыз. Осы орайда жалпы оқулықтарды талқылау жұмыстарын өзгертейін деп отырмыз. Оны қоғам талқылауына беріп отырмыз. Бүгінгі күні оқулықтарды талдау бойынша электрондық жүйе жасалып жатыр.
Вице-министрдің айтуына қарағанда қазір автор мен мұғалім үшін ортақ жүйе әзірленіп жатыр. Арнайы порталда ұстаз өз ұсынысын кітап құрастырушыға жолдай алады. Егер автор педагогтың нұсқауын елемесе, себебін түсіндіруі тиіс. Ұстаздармен кездесіп, олардың өтінішін тыңдаған Бердібек Сапарбаев тұрғындардың да мұң-мұқтажына құлақ түрді.
Бердібек Сапарбаев, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары:
- Жетім балаларды баспанамен қамтамасыз етуге арналған «Мейірім» деген арнайы бағдарлама бар. Оның негізінде ата-анасыз қалған бүлдіршіндер кәсіпкерлер мен ірі компания, мекемелердің жетекшілеріне тапсырылады. Мысалы, ШҚО мен Ақтөбеде осындай адамдарға тапсырып, үшжақты келісімшарт жасаған кездеріміз болды.
Авторлары: Марат Таубаев, Самат Оспанов