Хабар телеарнасы

«Egemen Qazaqstan» газетіне 100 жыл толды

Салтанатты іс-шараға ақын-жазушылар, ардагер журналистер қатысты. Газет тарихы 1919 жылдың 17 желтоқсанынан басталады. Мерзімді басылым әуелі «Ұшқын» деген атпен шыққан. Одан кейін газет аты 5 рет өзгертілді. Алғашқы жылдары бұл басылымды Смағұл Сәдуақасұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов сынды Алаш арыстары басқарды. Өкініштісі, газетке басшылық еткен 18 азаматтың 15-сі репрессия жылдары атылып кетеді. 1991 жылы «Егеменді Қазақстан» деп аталды. Ал 1993 жылдың 1 қаңтарынан бастап «-ді» жұрнағы алынып тасталды да, «Егемен  Қазақстан» болып шықты.

Аян Нысанәлі, ардагер журналист:

- Ғасыр жасағанда мұның аты бірнеше рет өзгерсе де, заты өзгерген жоқ. Өйткені халық өмірінің эпопеясын іздесе, осы газеттен табатын болу керек деп ойлаймын.

Мамадияр Жақып, ардагер журналист:

- Журналистердің үлкен қауымы осы жерден тәрбиеленіп өсіп, еліміздің басқа басылымдарына басшылық етті. Сондықтан «Egemen Qazaqstan» газетінің тарихын бүкіл Қазақстан баспасөзінің тарихымен ұштастыруымыз керек.