Елордаға қалың қар жауып, қозғалыс қиындады
Бұған қоса 9 тұрғын үй кешенінің тұрғындары бір күн қараңғылықта отырды. Бұл – елордада болған шағын станциядағы апаттың салдары. Тағы бас шаһарға қар қалың түсіп, көлік кептелісіне әкеп соқты. Ал коммуналдық қызметтер бар күшін салса да, табиғаттың тосын мінезіне тойтарыс бере алар емес. Нұр-Сұлтан алғашқы қарды қалай қарсы алды?
Риат Шони, тілші:
- Елордалықтар ауа райының мұндай тосын сыйына дайын болмай шықты. Бір күн ішінде бас шаһарға қалың қар түсіп, қаладағы қимыл-қозғалысты қиындатты. Көшелердегі ақ ұлпа мен көктайғақтың салдарынан көлік кептелістері де көбейді. Полиция департаментінің хабарлауынша, бір тәуліктің ішінде 70-тен астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, бір адам дене жарақатын алды.
Қалада коммуналдық қызмет күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Серік Құсайынов қар тазалауға таңғы 08:00-де шыққанын айтады.
Серік Құсайынов, механизатор:
- Қар жақсы түсті. Былтырғымен салыстырғанда көп десек те болады. Таңғы 08:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейміз, сосын екінші смена келеді.
Көлік тізгіндегеннің барлығы сағатына 30 шақырым жылдамдықпен жүріп, баяу қимылдады. Бұл – әуелі көктайғақтағы сақтық шаралары.
Жалпы коммуналдық қызмет өкілдері: «3 күн ішінде шаһардан 36 947 текше метр қар шығарылды», – дейді. Бұл жұмысқа 931 бірлік техника мен 1713 маман тартылған.
Табиғаттың тосын мінезінен бөлек, бас қалада тағы бір күтпеген мәселе туындады. Қарашаның 10-ы түнгі сағат 2 шамасында «Левобережная» шағын станциясының кабель каналында өрт шығып, 9 тұрғын үй кешені жарықсыз қалды.
Тағы Ақорда, Сенат пен Мәжіліс Парламенті, Үкімет үйі мен Жоғарғы сот, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және де Министрліктер үйі дизельді-генератор қондырғысына қосылуға мәжбүр болған.
Қалалық әкімдік өкілдерінің мәлімдеуінше, барлық тұрғын үй кешеніне жарық берілген. Ал апат болған жерде қазір қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқыс оқиғаның неден болғанын мамандардан сұрап білуге тырыстық, алайда нақты жауап ала алмадық.
Қарашаның қара суығы қарға ұласып, қалың жұртты бүрсең қақтырғаны қазір үйреншікті жағдайда айналды. Ендігі мәселе – шаһардың тең жартысын жарықсыз қалдырған апаттың себеп-салдарын шұғыл анықтау. Өйтені қазіргі таңда «Бәйтерек» монументі мен «Мәскеу» бизнес орталығы әлі жарықсыз отыр.
Авторлары: Риат Шони, Мейрамбек Ақмаханов, Аманжол Байғазин, Аян Сәрсенбаев