Елордадағы дүкен сөрелерінен 38 тонна сапасыз тауар анықталды
Биылдан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне өзгеріс енгізіліп, «тамақтан улануға кінәлі» деп табылған кәсіпкерлік нысандарға салынатын айыппұл көлемі көбейтілді. Жыл басынан елордадағы сауда сөрелерінен 38 тонна жарамсыз тауар табылған. Бұл – сасыған ет, ашыған сүт, іріген ірімшік, шіріген жеміс. Бас қаладағы жағдай осы, басқа өңірлердегі жұрттың не ішіп-жеп отырғанын шамалай беріңіз. Қолдану мерзімі өтіп кеткен азық-түліктерді еш ұялмастан елге сатқан елордалық кәсіпкерлер жалпы көлемі 81 млн теңге айыппұл төлеген.
Әдетте мұндай ірі сауда орындарына түсірілім тобына мүлде рұқсат берілмейді. Сосын амал жоқ тілші емес, тұтынушы болып кіруге тура келді. «Тұтынушылар құқын қорғау туралы» заңның 24-бабына сүйеніп, ұялы телефонымызды қостық. Аты да, абыройы да әжептеуір сауда орталығының сыртынан қараған жан сапасыз тауар сатылады деп ойламайды. Ал біз іздегенімізді бірінші қатардан-ақ таптық.
Бірақ тауардың қаптамасы да, көрсетілген мерзімі де еш күдік тудырмайды. Бақат Әбдікеев те дүкеннен ет сатып аларда оның ішінде ішек ауруын тудырушы бактерия бар екенін байқамады.
Бақат Әбдікеев, қала тұрғыны:
- Кешкісін тамақ жегенмін. Уланудың белгілері артынша байқалды. Әлім кетіп, ауруханадан шықтым. Дәрігерлер «уланған және ішек инфекциясын жұқтырған» деген диагноз қойды.
Есіңізде болсын, сақтау мерзімі аяқталуға жақын тауарлар сөренің сізге жақын тұсына қойылады. Ал жаңадан жеткізілгендері керісінше, сөренің соңында тұрады. Маркетингтегі бұл тәсілдің зардабын мыңдаған адам тартып жатыр. Жыл басынан бері тек елорданың өзінде жаппай улануға қатысты үш жағдай тіркелді.
Эльмира Әдішова, көпсалалы медициналық орталықтың инфекционист-дәрігері:
- Инфекционный блокқа күніне 15-20 науқас ішек инфекциясымен түседі. Олардың жартысы ауруханаға жатқызылады, жартысы амбулаториялық емдеуге жіберіледі. Ішек жұқпасымен 5-6 күн емделеді. Егер сальмонеллез анықталса, 12 күнге дейін емделеді.
Сәдуақас Байғабылов, Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері:
- Улануға көп жағдайда дүкендер мен тамақтану орындарындағы санитарлық жағдайдың сақталмауы себеп болады. Кейбірінің қожайындары ешқандай рұқсат қағазсыз-ақ жұмыс істей береді. Әрине, сосын тамақ дайындау технологиясын, оларды сақтаудың тәртібін ескермейді. Шикі ет пен піскен тамақты, жеміс-жидекті тоңазытқышқа бірге қоя салады.
Жазым болса, быламыққа да тіс сынады. Бірақ қызмет көрсету орындарының бұл жауапсыздығы көз жұма қарайтын нәрсе емес. Алайда біздің жұрт көбіне: «Әйтеуір аман қалдық қой», – деп арыздануды құнттамай жатады.
Заң «жұмсақ» дегеннен шығады. Мұндай орындарды жауып тастауға жергілікті биліктің әлі келмейді, әмірі жүрмейді. Өйткені бізде жаңадан ашылған бизнес нысандары үш жылға дейін тексеруден босатылған. Сондықтан өзгеріс дүкендерге емес, алдымен заңға керек.
Айгүл Жұмағұлова, Тауарлар мен қызметтердің сапасын, қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы:
- Азық-түлік дүкендерін арнайы тәртіппен тексере алмаймыз. Жоспарлы түрде де тексере алмаймыз. Өйткені олар эпидемиологиялық маңызды емес объектілерге жатады. Сондықтан ол дүкендерді шағым жазылған кезде ғана тексере аламыз.
Биылдан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне өзгеріс енгізіліп, «тамақтан улануға кінәлі» деп табылған кәсіпкерлік нысандардың айыппұлы көбейтілді. Бұрын олар бар жоғы 50 мың айыппұлмен құтылып кетсе, бұдан былай 580 мың айыппұлға тұтылмақ. Талап күшейді, демек, кәсіпкер тәртібіңді түзер кез келді.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Аян Сәрсенбаев, Дәурен Жұрқабаев