«Дала қырандары» телехикаясының алдын ала көрсетілімі өтті
15 сериялы туынды – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Қорғаныс министрілігі мен «Хабар» Агенттігінің бірлескен жұмысының жемісі.
1,5 айдың ішінде түсірілген ұшқыштар туралы тұңғыш телетуындының алдын ала көрсетіліміне халық көп жиналды. Демалыс күніне қарамастан, Қорғаныс министрі, Ақпарат және қоғамдық даму министрі, тағы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі де отандық өнімді тамашалауға келді. Туындыға деген қызығушылықтың жоғары екендігін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қорғаныс министрі:
- «Хабар» Агенттігі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Қорғаныс министрлігінің қолдауымен түсірлген жаңа телесериалын ұсынып отыр. Жұмыс барысында көптеген режиссер, актер, оператор, басқа да шығармашылық топтың мүшелері әскери қызметтің қыр-сырын біліп, жеке түсініп, романтикаға толы әуе күштерінің қызметін жақсы білді.
Бұл телетуынды Қорғаныс министрлігінің әуе базаларының бірінде түсірілді. Шығармашылық ұжым қысқа уақыт ішінде қазіргі қолданыста бар СУ-30СМ сынды жойғыш ұшақтарды басқаратын әскерилердің өмірі мен ауыр қызметін көрерменге жеткізуге тырысты. Шынайы ұшақтар әуеге көтерілсе де, оны актерлер емес, білікті пилоттардың өздері басқарған. Мұны көрермен 25 жастағы режиссердің шеберлігінің арқасында аңғармай да қалады.
Дархан Төлегенов, режиссер:
- Біз кабинаның ішіне шағын камераларды бекіттік. Ұшақты шынайы, білікті әскери ұшқыштар басқарды. Олар маскада болғандықтан, кім екені белгісіз. Ал кейін барлығын монтаж кезінде дыбыстадық. Ал эмоциялар керек болған сәтте, актерді ұшақтың ішіне отырғызып түсірдік. Артқы жағына бұлттарды компьютер арқылы қоя салдық.
Жалпы сюжет желісіне өмірлерін әскери қызметке арнаған Берік, Қанат, Ерлан және Мадина есімді жас офицер-ұшқыштар арқау болды. Олар өзге де офицерлермен ұшқыштарды қайта даярлау орталығына арнайы бағдарламаға қатысуға келеді. Әрбірі 3 ай көлемінде қатаң іріктеуден өтіп, ұшқыштардың элиталық тобына өтуге ниетті. Қатысушылар саны 20, оның тек бесеуі ғана таңдалмақ.
Аян Өтепберген, актер:
- Әр мамандықтың өз қыр-сыры, өз ырымы болады. Сондай детальдарды көріп, бақылап, сериалда барлығын көрсетуге тырыстық. Таңертең тұрғаннан бастап күн тәртібі белгіленген. Бір жағынан біз тәртіпке де үйрендік.
Достық, махаббат және отансүйгіштікті насихаттайтын төл туындыны «Хабар» арнасынан 25 қарашадан бастап, дүйсенбі-бейсенбі күндер арылығы кешкі сағат 22:30-да тамашалай аласыздар.
Авторлары: Риат Шони, Бекболат Базаров