«Жусан» операциясы аясында қайтарылған азаматтар сотталуда
Оларға «террористiк топтың әрекетіне қатысты және өзгелерді үгіттеді» деген айыптар тағылды. Олардың әрекетіне қатысты материал 92 томға жүк болыпты.
Бұл оңай іс болып жатқан жоқ. Алдымен кімнің кім екенін анықтап алу керек. Шынайы есімі өз алдына, Сирия жерінде адамдардың лақап аты да болған. Айыпталушылардың Шам еліне бару сценарийлері де әр алуан. Прокурордың істі оқуынан ондағы тәртіптің өзіндік жүйесі болғанын түсіндік. Қару-жарақты қолдану, ғаламторды жасырын номерлер арқылы пайдалануды үйрететін, бақылап, керек кезде жазалап отыратын мамандар болыпты.
Айгүл Айбасова, қорғаушы:
- Прокурор мән-жайды толық білу үшін кейде сұрақ қойып, айыпталушылардан жауап алуда. Менің ойымша, іспен танысу осы айдың аяғына дейін бітеді. Ал шешім қашан шығатынына қатысты бірдеңе деп айту қиын. Оның үстіне біз сараптама қорытындысының шығуын күтудеміз.
Сирияда қылмыс жасағандар өз алдына, арасында алдап-арбаудың құрбаны болғандар да бар. Солардың тағдыры, жалпы мәселенің туындау себебі, отандастарымызды елге жеткізу мен оларды оңалту жайы «Хабар» арнасындағы «Большая неделя» бағдарламасында да сөз болды.
Аида Сарина, «Жусан» операциясымен елге оралған:
- Бойымды әлі күнге үрей билейді. Бір түйір нанды бөліп жедік. Балаларымызды қорғауға тырыстық. Көшеде ұйықтадық. Мұны есіме алғым келмейді. Өткен күндерім емес, болашағым жайлы көбірек айтқым келеді. Келіншектердің көбі күйеуіне еріп, Түркияға демалуға барамын деп Сирия жеріне тап болды.
Сонымен бүгінге дейін «Жусан» операциясы аясында 595 қазақстандық елге оралды. Олардың дені – әйелдер мен балалар. Бұған дейін Сириядан қайтқандардың 15-іне түрлі жаза тағайындалған еді. Қазір тағы 14 қазақстандықтың ісі сотта қаралуда. Оларға «террористiк топтың әрекетіне қатысты және өзгелерді үгіттеді» деген айыптар тағылуда.
Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Айбын Құсанбеков