Ақтөбелік еріктілер мұқтаж жандарға көмектесуде белсенділік танытуда
Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдаудан бастап жоғалған азаматтарды іздеу, көлігі істен шыққан жүргізушілерге жедел көмек көрсету, жеке қаражатына шаһарды жасыл желекке көмкеру сияқты қоғамдық қызметті мойнына жүктеген азаматтар жетерлік.
Инна Рокина күні кешеге дейін денсаулығы мүшкіл екі бөбегімен саяжайларды паналап келген. Балалар үйінде туып-өскен жанның қолдау болар жақыны жоқ. Тапқан табысы дәрі-дәрмек пен баспана жалдаудан аспайтын күйде жүргенде еріктілерге кездеседі. Белсенді жастар қаражат жинап, Иннаның баспана сатып алуына қолдау көрсеткен.
Инна Рокина, қала тұрғыны:
- Бұрын ауруханаға жатар кезде баспанасыз қалам ба деп уайымдайтын едім. Бірнеше ай емделіп келгенде жалдап отырған үйдің иесі шығарып жіберді. Қазір енді көңілім жайланды. Өз үйіме еркін кіріп, еркін жүре аламын.
Екатерина Голотина – Инна қиын жағдайға тап болған кезде алғашқылардың бірі болып көмек қолын созған ерікті. Ақтөбеде орын алған көктемгі су тасқынынан кейін еріктілер қозғалысының белсенді мүшесіне айналған. Әлеуметтік көмек жинаумен қатар онкологиялық дертке шалдыққан бөбектерге де қолдау көрсетеді.
Екатерина Голотина, ерікті:
- Біз көмек көрсеткен жандармен әрдайым байланыстамыз. Кез келген уақытта хабарласып, ақыл-кеңес алып жатады. Қиындыққа тап болған жандар көпшіл келеді. Сондықтан кездескен кезде көзіне жас алып, алғыс білдіріп жатқандар да аз емес.
Қазір Екатерина жоғалған жандарды іздеумен шұғылданатын топты да бағыттайды. Төтенше жағдайлар департаменті мамандары тиісті дәріс беріп, білікті мамандардың қатарына қосқан. Нәтижесінде соңғы бір жылдың ішінде 16 азамат еріктілердің көмегімен табылды.
Автокөлік – Екатерина үшін табыс көзінің бірі. Себебі баласы да ерекше күтімді қажет етеді. Сондықтан кеңседегі 8 сағаттық жұмысын жолаушылар тасымалына айырбастаған. Әлеуметтік көмек жинау бекетіне баруға да уақыт табады. Мұқтаж жандарға қажетті бұйымдарды жинау, үлестіру бұл жерде жыл бойы үздіксіз жалғасады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков