Атырауда мұнай қалдықтарын тазалаудың екінші кезеңі басталды
Тұрғын ауданнан 200 метр жерде орналасқан мұнай қазандарын бумен жуу мекемесі көшірілгенімен, орнында қарамайға толы 6 апан мен екі май қазаны қалып кеткен болатын. Ондаған жылдар бойы қараусыз қалған қауіпті қалдықтар тұрғындардың мазасын алды. Амалы таусылған олар редакциямызға арызданған. Осылайша өткен қыркүйек айында мұнай қалдықтарын тазалау жұмыстары басталған-ды. Арада екі ай өтті. Не өзгерді?
Бұл апандардың әрқайсысында 20-30 тоннадай концерогенді мұнай қалдықтары толып тұрған болатын. Теміржолшылар алдымен осы апандарды аршып, мұнай қалдықтарын жинап алды. Бумен жуу мекемесі аумағында осындай 6 апан бар. Бір жарым ай уақыт ішінде аумағы 4 гектар жерден мұнай төгінділері жиналды. Сондай-ақ мұнай қазандары мен эсткада, теміржол табаны толықтай бұзылып алыныпты. Ендігі басты мәселе – сол мұнай қалдықтарын тасымалдау. Ол жұмыс әзірге кешеуілдеп тұрған сыңайлы.
Айдана Сашьянова, Экология департаментінің ресми өкілі:
- Біз берген нұсқамалардың орындалмауына байланысты жауапты мекемеге қатысты әкімшілік жауапкершілік құқықбұзушылық бабы бойынша іс қозғалды. Іс Атырау қалалық сотында қаралуда. Сол себепті біз бұл мәселені бақылауға алдық.
Теміржолшылар жауапкершіліктен бас тартып отырған жоқ. «Олар басталған жұмысты уақытылы әрі сапалы атқарып шығамыз», – дейді.
Елубай Сапаров, ҚТЖ Атырау магистральды желі бөлімшесінің директоры:
- Біз мамандандырылған мекемемен келісімшартқа отырдық. Қазіргі таңда 170 тонна мұнай қалдықтары шығарылды. Жүз адам осы аймақта жұмыс істеуде.
Ендігі мәселе – мұнай қалдықтарынан тазартылған аумақты өңдеп, кәдеге жарату. Қаланың қақ ортасындағы 4 гектар жер телімі бос жатпауы тиіс. Сондықтан теміржол мекемесі оны жергілікті биліктің құзырына беру тетіктерін ойластыруда. Болашақта бұл жерден логистикалық орталық ашу жоспарда бар.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов