Елордада әлемнің 20 елінен келген этникалық қазақтар бас қосты
Олар «Отандастар. Болашаққа бағдар» атты халықаралық дөңгелек үстелге қатысуға арнайы шақыртылды. Бұл маңызды іс-шара Отанынан тыс өмір сүріп жатқан этникалық қазақтардың мәселелерін көтеруге мүмкіндік берді. Күн тәртібінде құжат рәсімдеу, елге оралу, тіл тақырыптары талқыға түсті.
Жұмыр жердің бетінде 25 млн-нан астам қазақ бар. Шүкір, аз емес. Ресми деректерге сүйенсек, қарға тамырлы қазақ әлемнің 40-тан астам елінде тарыдай шашылған. Бірақ олар өзге жердің суын ішіп жүрсе де, шаңырақ көтерген жұрты бар екендігін естен шығармайды. Сыртта жүрген қазақ «ораламын» десе, қорған болар, қалқан болар Қазақстаны бар.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
- Ешқандай күмән болмасын, Елбасы да, Мемлекет басшысы да, Үкімет те ұлтымыздың болашағына қызмет етуде. Әсіресе халқымыздың асыл арманы мен үкілі үмітін іске асыратын өскелең ұрпақтың жағдайы біздің назарымызда. Бұйырса, сіздердің ұсыныс-ескертпелеріңізді ескере отырып, сәуір айында Нұр-Сұлтанда «Отандастар» халықаралық форумын өткізіп, маңызды шешімдер қабылданады деп күтілуде.
Келер жылы дүние жүзінің түкпір-түкпіріндегі иісі қазақ атаулының өкілдері бас қосып, алқалы жиын, салтанатты мәжіліс, халықаралық форумда бас қосады. Сыртта әлі 5-6 млн қандасымыз бар. Солардың бірі – Мұрат Ерміш. Қазақ жерінде ұлт тағдырына қатысты қандай шара болса да, тақымын қысып отырады. Ол елде ғана емес, күллі Еуропадағы қазақтардың ана тіліне алаңдаулы.
Мұрат Ерміш, Еуропадағы Қазақ қоғамы федерациясының президенті:
- Біз қазір өте маңызды мәселелерді көтеріп жатырмыз. Сыртта жүргендіктен шынын айтсақ, біраз қиыншылықтар бар. Жастарымызға тіл, салт-дәстүрімізді үйретуіміз керек. Соның барлығы жүзеге асып келеді. Елбасымыздың арқасында «Отандастар» қоры құрылып, онлайн телекурстар бар, Шәкәрім университетімен байланыс орнады.
Қандастарымыздың атамекенге қаздай тізіліп келгісі бар. Ол үшін мемлекет тарапынан түрлі шаралар қолға алынған. Соның арқасында тарихи отанға 1 млн-нан астам қазақ оралды. Келешекте тағы жеңілдіктер жасалмақ. Мәселен, құжат рәсімдеу мерзімі 6 айдан 3 айға дейін қысқарады. «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетілмек. Сондай-ақ елге келген азаматтардың баспана, балабақша, мектеппен қамтылып жатқанын жеткізген Бердібек Сапарбаев қазақ диаспорасына үндеу тастады.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Қандастарымыздың ішінде мықты азаматтарымыз, ғалымдар мен өнерпаздар бар. Олар өздерінің Отанына көмектесу керек. Сіздер армяндар мен еврейлердің Арменияға, Израильге қалай көмектесіп жатқанын жақсы білесіздер. Бізде де солай болу керек. Қанша дегенмен Отанымыз бір. Америкада тұрасың ба, Қытайда тұрасың ба жүрегің Қазақстан деп соғу керек.
Қытайдағы терроризмге қарсы күрестің күшеюіне байланысты қандастарымыздың Қазақстанға келуі қиындаған еді. Жиында сөз алған Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары бұл мәселе біртіндеп шешіліп жатқандығын баяндады. Шахрат Нұрышевтың айтуынша, қазақтардың тарихи Отанына оралуына қойылған шектеу алынып тасталған. Соңғы 1,5 жылда 6 мыңнан астам қазақ Қытай азаматтығынан шығарылған екен.
Шахрат Нұрышев, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары:
- Дипломатиялық арналар арқылы атқарылған шаруалардың нәтижесінде қазақтардың Қытайдан Қазақстанға шығу мәселесі дұрыс шешімін табуда. Тек Қытайдың заңдарын бұзғандарға ғана шектеу қойылатыны ескертілді. 2019 жылдың қаңтар-қараша аралығында еліміздің Қытайдағы консулдық және дипломатиялық мекемелерінен 38 393 этникалық қазақ визасын алып, Қазақстандағы туыстарымен қауышты.
Айта кетейік, елордаға әлемнің 20 елінен 150 делегат келді. Арасында қазақ тілді БАҚ өкілдері де бар. Шара барысында елімізде шетелдегі қазақ тілді БАҚ қауымдасытығын құру ұсынылды. Жалпы қазіргі таңда әр елден қазақ тілінде ақпарат тарататын 10-нан астам бағдарлама бар.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Бекболат Базаров