Мемлекет басшысы «Deutsche Welle» телерадиокомпаниясына сұхбат берді
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде канцлер Ангела Меркельмен жүргізетін алдағы келіссөздер жайлы және екіжақты қарым-қатынастардың ахуалы жөнінде айтты.
«Deutsche Welle» – 30 тілде ақпарат тарататын немістің алып телерадиокомпаниясы. Тұтас әлемге тарайды, 197 млн аудиториясы бар. Демек, қазақ басшысының Германия сапары алдындағы сұхбатын осынша көрермен көріп отыр деген сөз. Президент Еуропадағы ірі «үштіктің» бірі саналатын елмен екеуара байланысқа тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанның негізгі еуропалық серіктесі. Бұл елдің Орталық Азия елдерімен жасайтын сауда-саттығының 86% Қазақстанға тиесілі. Германия машина жасау, ресурстық материалдарды өңдеу және басқа да салалар бойынша әлемдік көшбасшы саналады. Сондықтан біз бұл елмен ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Сапар барысында құны шамамен 2 млрд доллар болатын келісімдер мен меморандумға қол қойылады деп үміттенемін. Біз де әлеуеті зор неміс инвесторларына ерекше жағдай жасап, арнайы экономикалық аймағымыздан орын береміз.
Еуроодақпен екіжақты сауда құны 37 млрд долларды еңсерген. Бұл – еліміздің бүкіл сыртқы сауда айналымының жартысы. Ал саяси-экономикалық жүйемізді қалыптастыруда ресейлік модельді таңдаған дұрыс па, әлде еуропалық па? Қазақстан үшін қайсысы жақынырақ? Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық үлгіге бейілділік танытатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Біз өз үлгімізді жасауға тырысамыз. Демократияны дамытуға ұмтыламыз. Кейбір журналистердің түрлі пікірлеріне қарамастан, Қазақстанда демократия бар. Елімізде 3 500-ден астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне белгілі журналистер, қоғам қайраткерлері, блогерлер, экономистер енген. Мен олармен үнемі ақылдасып, кеңесіп отырамын.
Қазақстанның ішкі саясатына қатысты да бірқатар мәселе сөз болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл туралы мен өзімнің бағдарламаларымда да, Жолдауымда да айттым. Елдің қоғамдық саяси өмірін жаңартпай, экономикалық реформаларды табысты жүргізу мүмкін емес деп санаймыз. Елде көппартиялы жүйені және партиялар арасындағы бәсекелестік, дискуссияны дамыту керек. Партия пікір алмасу алаңы болуы тиіс.
Елімізде әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ әлі нақты шешілмеген шаруалар бар. Президент сұхбатында бұған қатысты да айтып өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- 2025 жылдан бастап латын қарпіне толық көшеміз деген шешім қабылданған. Бірақ бұл – ұзақ уақытты алатын үрдіс. Осыған дейін латын қарпінің 3 үлгісі көрсетілді. Меніңше, сол үш үлгінің барлығы сәтсіз дайындалған. Сондықтан мен жауапты ведомстволарға латын қарпінің басқа үлгілерін асықпай әзірлеу туралы тапсырма бердім.
Президенттің Германияға ресми сапары екі күнге созылмақ. Нәтижесінде Германиямен арада бірқатар құжатқа қол қойылуы тиіс.