Жұқпалы аурулар ауруханасы 2020 жылы жөндеуден өтетін болды
Науқас балалардың ата-аналары ғимараттың гигиеналық жағдайына шағымдануда. 60 төсекті ауруханада қазір 95 балаға дейін ем қабылдауда. Сыймағандары дәлізде жатыр.
Аурухана қабырғалары көгеріп кеткен, науқастар дәлізде, кейбірі тіпті жерде жатыр. Шыдамы таусылған аналардың бірі іштегі жағдайды ұялы телефонына түсіріп, әлеуметтік желіге салған. Аты-жөнін атамауды өтінген ол мұнда жатып, ем алуға жағдайдың мүлде жасалмағанын айтты. «Асханада ешқандай тазалық сақталмаған, барлық науқасқа бір ғана қазан берілген», – дейді науқас баланың анасы.
Науқас баланың анасы:
- Міне, терезені қараңыздар, көгеріп кеткен, иісі қолқаны қабады. Балалар бронхитпен ауырып жатыр. Бұл науқас балалардың әрі қарай өкпе ауруына шалдығуына әкеп соғуы мүмкін ғой. Санитарлық талап тіпті сақталмаған.
Жағдайды көзбен көру үшін аурухана ішін аралап шықтық. 1981 жылы салынған ғимарат расында да тозып кеткен. Аймақтағы жұқпалы аурулармен науқастанған балаларды емдейтін жалғыз орталық болғандықтан, адам сыймай жатыр. 60 төсекті ауруханаға 95 балаға дейін қабылдауға мәжбүр. «Сондықтан дәлізге жатқызуға тура келеді. Бірақ төсек жеткілікті. Біз жерге жатуға рұқсат бермейміз. Ата-аналардың өздері жерге көрпе жайып алған», – дейді аурухана директоры. Қазір мұнда 91 науқас емделуде. Оның 17-сі қызылшамен түскен. Қалғандары іш өту, бронхит сияқты диагноздармен ем қабылдауда.
Аманбек Жұмыров, Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры:
- Ауруханаға түсіп жатқан бала көп. 60 төсекте 90 баладай жатыр. Кейбір жағдайда орын болмай, дәлізге жатқызамыз. Келген ауруларды «орын жоқ» деп кейін жібере алмаймыз. Оны емдеу керек. Алдағы уақытта Мұнайлы ауданынан және Ақтау қаласынан қосымша бөлімшелер ашылмаса, жағдай қиындайын деп тұр.
Қазір мұнда жатқан науқастардың 50% қалаға жақын Мұнайлы ауданынан келген. Бұл мәселені шешу үшін ауданнан аурухана салу жоспарлануда. Ішінен жұқпалы аурулар бөлімін ашу көзделген. Қазір сметалық құжаттары жасақталуда. Ал әзірге тығырықтан шығу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары Ақтаудан талапқа сай келетін жаңа ғимарат іздестіріп жатыр. Тозығы жеткен мына аурухана ғимараты болса, келесі жылы күрделі жөндеуден өтетін болды.
Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев