Асқар Мамин Шымкент пен Түркістан қалаларына жұмыс сапарымен барды
Шымкент пен Түркістанда тоқыма және тамақ өнімдерін шығаратын кәсіпорындар іске қосылды. Сондай-ақ Түркістанда 630 орындық облыстық көпсалалы аурухана мен туристік кешеннің іргетасы қаланды. Облыстық аурухананы түрік инвесторлары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салып, 2022 жылы пайдалануға бермек. Мұнда 1700 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал «Керуен сарай» туристік кешеннің жобалық құны 39 млрд теңгені құрайды.
Шымкентте жіп иіру фабрикасы іске қосылды. Жоба Өзбекстандық инвестордың көмегімен жүзеге асты. Өндіріс орнының ашылу салтанатына қатысқан Премьер-Министр Асқар Мамин аталған өндірістік кәсіпорын елдің тоқыма саласы үшін маңызды екенін атап өтті.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Өздеріңізге белгілі бұл кәсіпорын көп жыл бойы тоқтап тұрды. Инвесторлармен бірлескен жұмыстың нәтижесінде бұл фабрика қысқа уақыт аралығында іске қосылды. Осы ретте Өзбекстандық әріптестерімізге ынтымақтастық пен бірлескен жемісті жұмысы үшін алғысымды білдіремін.
Икраможон Эгамбердиев, «Aliance textile» ЖӨКҚ директорлар кеңесінің төрағасы:
- Қазақстанды таңдауымыздың себебі бізге жақын орналасқан. Халқымызда ұқсастық бар. Климат сәйкес келеді. Сондықтан бізге мұнда жұмыс жасау қолайлы әрі жеңіл дер едім.
Жіп иіру фабрикасы толығымен өз жұмысын бастады. Алдағы уақытта мұнда 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Гүлайым Қалыбекова, фабрика жұмысшысы:
- Тоқыма фабрикамыздың ашылуы құтты болсын дейміз. Осыны қосып, бізді жұмыссыз қалдырмаған басшыларға рахмет. Мен мұнда машина операторы болып жұмыс істеймін.
Әнуар Омарқожаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Ұзақ жылдар біз осы кәсіпорынға инвестор тартуды қарастырдық. Фабриканы аяқтан тұрғызып, жұмыс орындарын ашуды ойластырдық. Ташкентте өткен екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның отырысында Өзбекстандық тараппен бірлескен тоқыма кластерін құру мәселесін қарастыру қажеттігі жайлы келісімге қол жеткізілді.
Кәсіпорында жылына 6 мың тонна мақта талшығы өңделеді. Фабрикаға шикізатты жергілікті Түркістан облысының шаруаларынан тасымалдайды.
Сапар аясында Үкімет басшысы Қазығұрт ауданы Майлошақ ауылында орналасқан фаст-фуд өнімдерін шығаратын зауыттың ашылу салтанатына қатысты. Ең жылдам пісетін кеспе өндіретін кәсіпорынның инвестициялық құны 5,7 млрд теңге және мұнда 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Жылдық өндірістік қуаты 4,5 мың тонна екен. Дайын өнімді ішкі және сыртқы нарыққа шығару жоспарлануда. Айта кетейік, соңғы жылдары Түркістан өңіріне жеке инвесторлардың да қызығушылығы артып отыр. Шетелдік кәсіпкерлердің көмегімен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан осы әлеуметтік-өндірістік нысандар соның бір айғағы.
Одан кейін Асқар Ұзақбайұлы Түркістан қаласында инвесторлардың көмегімен бой көтеретін 630 орындық облыстық көпсалалы аурухана мен туристік кешен «Керуен сарайдың» іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Облыстық аурухананы түрік инвесторлары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салып, 2022 жылы пайдалануға бермек. Нысанның құны 100 млрд теңге. Мұнда 1700 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал «Керуен сарайдың» жобалық құны 39 млрд теңгені құрайды. Оны да түрік компаниялары жүзеге асырады.
Хусейн Сельчук Йелькен, «Sembol construction» компаниясы техникалық директоры:
- Біз үшін тарихи күн. Туристік бағыттағы ерекше нысанның іргетасын қаладық. Бұл ғимарат халықаралық талаптарға сай жабдықталады. Жергілікті халықтың ерекшеліктерін сақтай отырып, ұлттық нақыштарға бай ерекше жоба болмақ. Өзінің сәулеттік артықшылықтарымен-ақ аймақтағы туристік орталыққа айналады.
Сондай-ақ Үкімет басшысы Түркістан қаласында салынып жатқан бірқатар нысанды аралап көрді. Оның ішінде амфитеатр, драма театр, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана, «Ұлы дала елі» орталығы мен Қ.А.Яссауи мұражайы және Ұлттық қолөнершілер орталығының ғимараттары бар. Сапар соңында Премьер-Министр өңір басшысы мен құрылыс компанияларының жетекшілеріне салынып жатқан нысандардың сапасын қадағалап, белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы