«Kazakh TV» арнасы туризмді дамыту бойынша «Үздік медиа ресурс» атанды
Үздік қонақүйлер мен шипажайлар, туристік операторлар мен демалыс орындары және БАҚ марапатталады. Байқау аясында саланың үздіктері бірнеше аталым бойынша анықталды. Отандық туризм индустриясынан 114 өтінім түскен. Алғашқы кезеңде жеңімпаздарды арнайы құрылған сараптамалық кеңес іріктеді. Кейін қазақстандықтар онлайн дауыс беріп, таңдау жасады. Топ жарғандардың арасынан табылған «Kazakh TV» ұлттық жерсеріктік телеарнасы әлемнің 118 елінің аумағында хабар таратады. Бес тілде қатар жүретін телеөнімдердің көп бөлігі отандық туризмді насихаттауға бағытталған.
Майя Бекбаева, «Kazakh TV» телеарнасының директоры:
- Біздің телеарна туризмді дамыту бойынша үздік медиа ресурс деп танылғанына өте қуаныштымыз. Шынымен де арна бұл бағытта көптеген жұмыс атқарып келеді. Қазақстан мен Орталық Азия аймағын барынша танытатын телеөнімдер жасалады. Бұл – біздің тамылжыған табиғаттың әсем көріністері, өзен-көлдері, елдің өткені мен бүгінгі тыныс тіршілігі. «Kazakh TV» арнасымен бірге болыңыздар. Жаңа маусым, жаңа жылда Қазақстан мен оның қоршаған ортасы жайында баяндайтын көптеген жаңа жобаны тамашалаңыздар.