Елімізде денсаулық сақтау саласы дамып келеді
Араға жылдар салып еңсесін тіктеген денсаулық сақтау саласында бүгінде жетістік көп. Мәселен, 20 жыл бұрын елімізде емі табылмаған балалардың туа бітті жүрек ақауына қазір өз мамандарымыз операция жасайды.
Мәліметтерге жүгінсек, соңғы 10 жылда елімізде сәбилер өлімі 2,6 есе төмендеген. «Бұл – өте үлкен жетістік», – дейді мамандар. Дегенмен, дамыған елдермен салыстырғанда, бұл көрсеткіш әлі де жоғары. Дәрігерлер: «Сондықтан дертке шалдыққан сәбилердің өмірін сақтап қалу үшін денсаулық сақтау саласын дамытуға күш салу керек», – дейді. Елімізде жыл сайын 400 мың бала өмірге келеді. Туа бітті жүрек ақауы қазіргі кезде шақалақтарда көп кездесетін дерттердің қатарында.
Риза Боранбаева, «Педиатрия және балалар хирургиясы» АҚ басқарма төрайымы:
- Тәуелсіздік жылдары педиатрия саласы өте жақсы қаржыландырылды. 20 жыл бұрын бізде емделмейтін балалар аурулары қазір отандық дәрігерлердің біліктілігінің арқасында сәтті емделіп, науқастар құлантаза айығып кетіп жатыр. Мәселен, туа бітті жүрек ақауы бар сәбилерге бұрын операция жасалмайтын. Оларды шетелге жіберетінбіз. Қазір бұл операциялар аймақтарда да жасалады.
Елімізде мерзімінен ерте туған сәбилерді емдеуге арналған кешенді бағдарлама бар. 500 грамнан асып өмірге келген шараналар жан-жақты медициналық көмектің арқасында адам қатарына қосылуда. Сондай-ақ балалардың жілік майын ауыстыру күрделі операциясының елімізде жасалуын отандық медицинаның іргелі жетістіктерінің бірі деп айтуға болады.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Онкология және радиология ғылыми-зерттеу орталығында мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында заманауи құрылғымен жабдықталған орталық ашылды. Бұл құрылғы әйелдердің сүт безі обырын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Жалпы Қазақстанда қатерлі ісік дертімен күресуге арналған кешенді жоспар жасалған. Жоспар бойынша республикалық орталықтардан бөлек аймақтардағы онкологиялық бөлімшелерді соңғы технологиямен қамтуға қосымша 35 млрд теңге бөлінген.
Диляра Қайдарова, ҚазОРҒЗИ басқарма басшысы:
- Егер бұрын дертті ерте анықтау мүмкіндігі тек 14% болса, бүгінде 1-кезеңді анықтау 26% жетті. Онкологиялық қызметке бөлінетін қаражат 4 есеге көбейді. Бұрын біз тек 4 химиялық препарат қолдансақ, қазір 100-ге жуық химиялық, 25 таргетті препарат, 3 иммунды терапия жүргіземіз. Осының бәрі біздің халық үшін тегін.
Ержан Сүлейменов, кәсіпкер:
- Күніне 30-40 әйелдің диагностика жасауға мүмкіншілігі бар. Маммографпен салыстырсақ, бұл томосинтез аппаратының сәулелік әсері екі есе төмен. Мұның тағы бір айырмашылығы: егер сүт безі обырының скринингі ұлттық бағдарлама бойынша 40 жастан басталса, бұл аппаратта 40 жасқа дейінгі әйелдерді түсіруге болады.
«Қатерлі дертті емдеу шаралары Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде ақылы», – дейді бас онколог дәрігер Диляра Қайдарова. Бұл қызметтің елімізде тегін көрсетілуі – тәуелсіз мемлекетіміздің тағы бір жетістігі.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев