Қостанай облысында 7 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылды
Тіршілік нәрін тасып ішу тауқыметінен құтылған ауылдықтардың қуанышты сәтін біздің тілшіміз де көрді.
Бейімбет Майлин атындағы Новолинов ауылының халқы осы уақытта дейін құдық суын пайдаланып келді. Ащы, кермек дәмі бар тіршілік нәрін әркім өзінше қайнатып, тазартып ішуге тырысатын. Енді сол бір қиын күндер артта қалды. Қазір ауыл жұрты үйлеріне кіргізілген сапалы ауызсудың рахатын көріп отыр.
Звайра Ысмағүлова, Новолинов ауылының тұрғыны:
- Бұрын біз суды құдықтан алатынбыз. 1-2 шелектен алған су тез бітіп қалады. Үлкен адамдарға қиын. Енді үйімізде су қосылды. Енді құдыққа бармайсың. Ауырсаң да, сырқасаң да, су үйде. Рахат.
Су сорғыш станциясының шебері Юрий Крысанов су бірнеше сүзгіден өтіп тазартылатындығын айтады. Оның сапасы зертханада тексеріліп отырады. Новолинов ауылын ауызсумен қамтуға 550 млн теңге жұмсалған. Келер жылы аудандағы тағы бір елді мекенге құбыр тарту көзделіп отыр.
Мирас Ахметов, Бейімбет Майлин атындағы аудан әкімінің орынбасары:
- Аудан бойынша бізде тұрғындардың 44% орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған. 2020 жылы Валерянов ауылын ауызсуға қосамыз. 2 жылға есептелген бұл жобаның құны – 342 млн теңге. Сондай-ақ тағы бір елді мекенге су тарату пунктін салу жоспарда бар. Сонда таза сумен қамту көрсеткішін 50% жеткіземіз.
Мереке қарссаңында Аманкелді ауданындағы қос елді мекенге де ауызсу жетті. Аманкелді мен Есір ауылдарындағы 1300-ге жуық үй орталық құбырға қосылды. Келесі кезекте Құмкешу, Қабырға ауылдары тұр. Айта кетелік, биылдың өзінде 5 мыңнан астам халқы 4 ауылға алғашқы рет су құбыры тартылды.
Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг