Құлсары қаласында тәулігіне 100 тонна қоқыс өңдейтін зауыт іске қосылды
Жаңа зауыт осынша қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, өңдеп, жаңа бұйым шығаруды қолға алды. Зауытқа жеткізілген қоқыстар алдымен сұрыпталып, тайланады.
Тілеубек Құлниязов, тайлау агрегатының механигі:
- Бұл – пресс аппараты. Мына шыққан қалдықтардың, бөтелкенің әрбірін жеке-жеке тығыздап шығарамыз. Оның әрқайсысы 400-500 келі болады. Пластик бөтелкелері, қатты қағаз бен целлофан өнімдері бөлек сұрыпталады. Жасап жатқанымыз ісіміз өзімізге де қызықты.
82 мыңға жуық тұрғыны бар Жылыой ауданына Құлсары қаласынан өзге 6 селолық округ кіреді. Жүздеген өндіріс орны бар. Міне осынша елді мекендерден шыққан қалдықтар осы уақытқа дейін айдалаға шашылып келген еді.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Бір ғана Құлсары қаласының өзінен тәулігіне 100 тоннаға жуық түрлі деңгейдегі қалдықтар шығады екен. Оның ішінде қағаз-тоғазды айтпағанның өзінде табиғатқа аса зиянды полимерлер мен пластикалық қалдықтар да бар. Соныдықтан да тазалықшылардың алдында тұрған міндет осы қалдықтарды жинап, кәдеге жарату болып отыр.
Сұрыпталып, тайланған қалдықтар әзірге арнайы қоймаларда сақталуда. Олар келешекте аталған зауытта шикізат ретінде пайдаланылады. «Айтқандай, зауыттың ІІ кезеңі іске қосылғанда қазіргі 130 жұмысшының қатары тағы 25 адамға толығады», – дейді мамандар.
Бауыржан Әбдірахманов, зауыт директоры:
- Келесі жылы өзіміздің жоспарымыз бойынша өңдеу жұмыстарын жалғастырып, полимер бұйымдарын шығарамыз. Келешекте суағар, канализацияның қақпақтарын жасаймыз деген ой да бар.
Жаңа зауыттан аудан тұрғындары үлкен үміт күтеді. Себебі жылдар бойы жиналған қалдықтар қоршаған ортаға, қаланың тазалығына кері әсерін тигізіп келді. Енді жаңа жоба жүзеге асса, қоқысқа қатысты мәселе оң шешімін таппақ. Қазірдің өзінде зауыт тәулігіне 85 тоннаға дейін қалдық қабылдауға қауқарлы.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев