Оралда Тәуелсіздік күні 2 спорт алаңы пайдалануға берілді
Шаһардың шалғай орналасқан құс фабрикасы және «Балауса» аудандарында жаңа спорт алаңдары пайдалануға берілді. Көпбейінді алаңға жұмсақ жасанды жамылғы төселген. Мұнда балалар жазда футбол, волейбол, ал қыста хоккей ойнайды. Мұз құйып, түрлі мүсіндер жасайды. Жаттығулар жасап, дене күшін шынықтыруға да мүмкіндік көп. Жаңа нысандардың құрылысы «Менің елім» бағдарламасы аясында қаржыландырылған.
Шерхан Азамат, 6-сынып оқушысы:
- Маған бұл жер ұнады. Өйткені құс фабрикасы ауданында тұратын тұрғындарға көп көңіл бөлінбейтін. Балалармен басқа жақта ойнайтын едік. Қазір осы алаң ашылғалы барлық бала осында ойнайды. Достар да тауып үлгердім.
Артур Шерғалиев, Орал қалалық спорт бөлімі басшысының орынбасары:
- 2020 жылы тағы да 2 спорт алаңын салу жоспарлауда. Осы Зашаған кентінде 60 мыңнан астам, ал құс фабрикасы ауданында 8 мыңнан астам тұрғын бар. Спорт алаңы – нағыз керек ғимарат. Салынбай жатып балалар футбол ойнап, доп теуіп, жүгіріп жүр.