Мемлекет басшысы допингке қатысты жауапкершілікті күшейтетін заңға қол қойды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайтында жарияланды. Құжатта допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату көрсетілген. Енді бұдан былай тыйым салынған препаратты қабылдаған спортшы және оған қатысы бар адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Сонымен бірге допинг пайдаланған толағайлар жарыстан шеттетіліп, мемлекет тарапынан берілген ақшалай сыйақылар мен пәтерлер қайтарылады. Бұған қоса спорттық атақтарынан да айырылады.
Раухан Тұғымбаева, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы:
- Қандай да бір олимпиада, паралимпиада және сурдоолимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері өздеріне берілген үйді немесе пәтерді 10 жыл көлемінде жекешелендіре алмайды. Себебі допингтің сынамалары 10 жыл сақталады. Дүниежүзілік антидопинг агенттігінің оны кез келген уақытта 10 жылдың ішінде тексеруге құқығы бар. Қайтыс болған жағдайда ол қайтарылып алынбайды.