Олимпиадаға дайындау орталығының басшысы тұтқынға алынды
Алматыда ауыр атлетикадан олимпиадалық даярлау орталығының басшысы мен бас есепшісі «пара алды» деген күдікпен ұсталды. Қазір Алматы қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сотқа дейінгі тергеуді бастады. Күдіктілер алдын ала келісіп, Жамбыл облысында оқу-жаттығу жиындарын өткізу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы жасалған келісімшартқа сыйақы ретінде кәсіпкерден 6 млн 625 мың теңге көлемінде «пара алды» деп күдікке ілінген.
Данияр Бегайдаров, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аға тергеушісі:
- Ағымдағы жылдың 17 желтоқсанында аталған тұлғалар ұсталып, Алматы қаласы ІІД УҰИ-ына қамалды. Бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі шешілуде. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Күдіктілерге қатысты олардың кінәлілік дәрежесін анықтау бойынша түпкілікті шешімді сот шығаратын болады.