Өскемендік ғалымдар жасаған импланттар тексеруден өтуде
Егер клиникалық тексеруден сәтті өтіп, патент берілсе, өзіміздің ғалымдар жасаған имплант қолданысқа енбек.
Елімізде бұған дейін адамның сүйегін алмастыру бағыты кенже болатын. Қажетті шикізаттың бәрі болғанымен, оны терең өңдеп, имплантқа жарата алмады. Ғалымдар түрлі жобаларды ұсынғанымен, өндірістік қолдау таппағандықтан, зертханадан әрі аспады. Дегенмен Өскемендегі техникалық университеттің ғалымдары импланттың 8 түрі бойынша ғылыми жобаны қолға алған. Екі жылдың ішінде үлкен нәтижеге қол жеткізді.
Өскемендік ғалымдардың жасаған импланттары бұған дейін сынақтың бірнеше түрінен сәтті өтті. Енді елордадағы ортопедия және травматология институтының білікті ғалымдары клиникаға дейінгі тексеруден өткізіп жатыр
Бағдат Азаматов, PhD докторы:
- Бізде жоба аяқталды. Келесі комерцияландыру кезеңі бар. Әрі қарай нарыққа шығару керек. Әрине, оған сериялық қолданыс туралы айтатын болсақ, қосымша қаржы керек болады.
Жаңа құрал-жабдықтар алынса, адам ағзасына қажет басқа импланттың түрлерін жасамақ. Бұған дейін алған шетелдік қондырғының қыр-сырын жас ғалымдар толық игерген.
Олжас Керейхан, тілші:
- Ғылыми-өндірістік алаңға қойылған құрал-жабдықтардың бәрі автоматтандырылып, интернетке қосылған. Нәтижесінде әрбір детальді никро-миллиметрлік дәлдікте өңдейді. Мәселен, мынау титаннан жасалған жамбас сүйегіне қойылатын импланттың бір түрі екен.
Әзірше медицина саласындағы имплантты шетелден алып отыр. Кісідегінің кілті аспанда. Сондықтан оның бағасы бірнеше жүз мың теңге тұрады.
Дарын Бақтыбаев, медициналық жедел жәрдем ауруханасының бөлім меңгерушісі:
- Біріншіден, ол импланттар сапа жағынан шетелдіктерден кем емес. Екіншіден, баға жағынан бірнеше есе арзан болып келеді.
Әзірше ғалымдар имплантқа қажет титан, тантал және необиді басқа жақтан алып отыр. Себебі...
Бағдат Азаматов, PhD докторы:
- Себебі біздегі титанды шығаратын дайындама тек шикізат ретінде шығарады. Ал бізге керегі – дайын сұрыптық жоба. Оны біз әзірге шетелден алып отырмыз.
Шетелден емес, имплант өзімізде өндіріліп, өңделген титаннан жасалса, оның бағасы қазіргіден 70% арзан болмақ. Ал бүгінде тек ШҚО-да әртүрлі буын сүйегін алмастыру үшін бірнеше мың адам кезекте тұр.
Авторлары: Олжас Керейхан, Әсем Өтешова Дмитрий Пыхтин