2020 жылы 15 мың орындық студенттер үйін салу мақсаты тұр
Келер жылдан бастап әр жаңа орынға мақсатты мемлекеттік тапсырыс төлемінің көлемі 40% дейін көбейтілмек. Студенттерге жатақхана салу жобаларына инвесторларды көптеп тарту үшін енді төлем АЕК-ке индексациялау тәсілімен есептелмек.
Биыл елімізде 9 мың орындық жатақханалар пайдаланылуға берілген. 2020 жылы 15 мың орындық студенттер үйін салу мақсаты тұр. Қазір 80 жоба қаралу үстінде. Инвесторлардың құрылысқа ынтасын арттыру үшін төлемдерді АЕК көлеміне индексациялау жоспарланып отыр.
Асқар Ыбырайымов, ҚР Бғм «Қаржы орталығы» АҚ президенті:
- Осылайша жыл сайын 122 АЕК көлемінде төлем төленеді. Егер қандай да бір инфляциялық процесстер бола қалса, инвестор мемлекеттік тапсырыс көлемі автоматты түрде индексацияланатынын білетін болады.
Яғни 2020 жылы 122 АЕК көлемі 323 422 теңгені құрайды. 2021 жылы әр студенттік орынға 339 648 теңге төленуі тиіс.
Алматыда студент көп, әрі сейсма қауыпты аймақ екендігін ескере отырып, тек Алматы үшін норматив көлемі 144 АЕК-ті құрамақ.
Бауыржан Нұрахметов, Алматы технологиялық университетінің бірінші проректоры:
- Бұл – студенттер үшін де, университет үшін де үлкен мемлекеттік қолдау. 2020 жылдың қаңтар айынан 9 қабаттық 530 орындық жатақхана құрылысын бастағалы отырмыз.
Алматыдағы Сәтбаев университеті болса, оқу корпусын реконструкциялау аркылы 260 орындық жатақхана жасаған.
Бақытжан Бармағамбетов, сәтбаев университетінің проректоры:
- 2020-2022 жылдары 1500 орын жасайтындай жасайтын мүмкіндік бар.
Мемлекет арнайы механизм бойынша жатақхана салған инвестор шығынының жартысын немесе түгелдей өтейді. 2022 жылға дейін 75 мың орындық жатақхана салынуы тиіс.
Авторы: Индира Жылқайдарова