Сыр өңіріндегі қауіпті ойыншықтар анықталды
Мониторинг аясында Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті 3 мыңнан астам бұйымды, оның ішінде 61 дана балалар ойыншығын сатып алып, зертханалық тексеруден өткізді. Нәтижесінде, 13 үлгіден сапа сәйкессіздігі анықталып отыр. Қауіпті ойыншықтардың басым бөлігі Қытайда өндірілген. «Жалпы жыл басынан бері осындай 3 факті бойынша кәсіпкерлерге ұйғарым берілсе, тағы 3 материал сотқа жіберіліп, 500 мың теңге айыппұл салынды», – дейді мамандар.
Айман Жанахаева, Тауарлардың сапасын бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:
- Ойыншықтардың қауіпсіздігін тексеру екі кезеңде жүргізіледі. Біріншіден, ойыншықтардың тиісті құжаттарының болуы және онда көрсетілген мәліметтердің техникалық сәйкестігі назарға алынады. Екінші кезеңде, ойыншықтар органолептикалық, микробиологиялық, санитарлық-химиялық және таксикологиялық, гигиеналық тексеруден өтеді. Сәйкестіктер анықталған жағдайда сараптамаларға сәйкес іс-шаралар кешені жүргізілетін болады.