Жаңа жылда депутаттар өңірлердегі халықпен кездеседі
Жұртшылықтың жер жердегі мұң-мұқтажын тыңдап қайтады.
Мәжілісте әдеттегідей бірнеше заң жобасы талқыланды. Бұл пленарлық отырыс биылғы жылды қорытындылаған жиын болды. Маусым басынан 80-ге жуық заң жобасы қаралса,оның 30-дан астамы мақұлданды. 7 үкіметтік сағат жаңа форматта өткізілген. Олардың дені елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. «Депутаттық сауалдарға жауап беру үшін мемлекеттік органдардың басшылары Мәжілістегі отырыстарға арнайы шақырылды», – деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Ал күн тәртібі бойынша бюджет, салық заңнамасы мен теміржол көлігі туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша жоба қаралды. Сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымының экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенциясын ратификациялау жобасы да депутаттардың сүзгісінен өтті. Құжатқа ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары 2017 жылы қол қойған. Конвенцияның мақсаты – экстремизмге қарсы іс-қимыл саласында өзара әрекеттестік тиімділігін арттыру. Құжат негізінде шекаралық ынтымақтастықты күшейту жоспарда. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер лаңкестік идеологиясын таратпай, оның жолын кесу мақсатында интернет желісін бақылауды да мықтап қолға алады.