Маңғыстаулық өнер ұжымдары Оңтүстік-Шығыс Еуропаны аралады
«Ақжарма» фольклорлық ансамблі мен «Жорға» халықтық би ансамбльдері Венгрия, Хорватия, Босния және Сербия мемлекеттерінде 6 бірдей концерт қойды. Алғашқы ән кеші Будапештте өтті. Маңғыстаулық өнер ұжымдары концертті «Сыңсу» биімен ашып, қыз ұзатыларда айтылатын қазақтың дәстүрін көрсетті. Сонымен қатар «Шолпы», «Хорезм» билері сахналанды. Еуропа төрінде Құрманғазының «Балбырауыны» мен «Адайы» күмбірледі. Төрт мемлекеттің өнер сүйер қауымы Мұрат Өскімбаев атындағы облыстық филармония ұжымының өнеріне жоғары бағасын берді. Барлық концерт аншлагпен өткен.
Серік Сариев, «Жорға» би ансамблінің жетекшісі:
- Бұл – халықаралық деңгейдегі жоба. Өйткені бұл түркі мәдениетін дәріптейтін «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының жобасы болатын. Биылғы жылы бұл жобаға Қазақстан, Әзербайжан, Түркия және Қырғызстанның әртістері қатысты. Ал біз Маңғыстау облысы Қазақстанның атынан қатыстық.