2019 жылы Қазақстанда төлем карталарын қолданушылар саны 52% артқан
Әсіресе биыл қолма-қол ақшасыз есеп айырысу көрсеткіші айтарлықтай өскен. Мамандар есебінше, айналым 24,1 трлн теңгеге жеткен.
Қазір отандастарымыздың қолында 31 млн төлем карточкасы бар. Осы жылы олардың көмегімен 1,2 млрд теңгенің операциясы орындалған. Орташа есеппен бір транзакция 20 мың теңгені құрапты.
Асхат Нәметша, экономист:
- Швеция – 100% қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға өткен мемлекет. Басқа да дамыған мемлекеттерді алатын болсақ, ондағы жағдай әртүрлі. Мысалы, Германияда 30-35% ғана картамен есеп жүргізіледі. Австрияда да дәл сондай жағдай. АҚШ-ты алатын болсақ, долларлық ақшаны беру олар үшін қолайлы.
Тағы бір цифрлық төлем жүйесі – ұялы телефондағы қосымшалар. Сауда-саттық өз алдына, қоғамдық көлік пен таксиге мінсе де, қазір соның көмегімен төлем жасайтындар көбейді.
Гүлшат Оспанова, қала тұрғыны:
- Соңғы 5-6 жылда мен осы қосымшаны қолданамын. Автобус, такси төлегеннен бөлек, балабақша, азық-түлік сатып алу – бәрі осы қосымша арқылы төленеді. Өте тиімді және қауіпсіз. Қолма-қол ақша алып жүрмеймін.
Асхат Нәметша, экономист:
- Ендігі мәселе – осы тәсілдердің салдары әртүрлі. Онлайн транзакциялар арқылы әртүрлі алаяқтық жағдайлар тіркелуде. Банк қолданушылардың транзакцияларын сақтау үшін үлкен әрекеттер жасап жатыр.
Десек те, төлем карталарының әлеуметтік-экономикалық рөлі артып келе жатқандығы cезіледі. Қазақстанда оларды 20-ға жуық банк шығарады.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин, Аян Сәрсенбаев