Ақтөбелік 10 жас маман рельс-арқалық зауытында біліктілігін арттыруда
«Керек адам» әлеуметтік білім беру жобасы 14 азаматты қамтып үлгерген. Тағы 10 жас маман Ақтөбедегі рельс-арқалық зауытында біліктілігін арттыруда.
Ерқанат Сарбас Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінде материалдарды қысыммен өңдеу технологиясы мамандығы бойынша білім алған. Сондықтан болашақ металлург үшін Қазақстанның даму банкі мен «Тайбурыл» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған бастама таптырмас тәжірибе болып отыр. Оқу ордасында алған білімін өндіріспен ұштастырып, білікті маман болуды көздейді.
Ерқанат Сарбас, студент:
- Ол грантқа группамнан 40 студенттей қатысқан болатын. Оның ішінен біз 10 студент ілініп отырмыз. Стипендия ұтып алып, өз мамандығымызбен жұмыс жасап жатырмыз. Группаластарым: «Келесі жылы тағы да болса екен», – деп асыға күтуде.
Ерқанатпен бірге жарты жылдық өндірістік тәжірибеге келген жастарға шәкіртақыдан бөлек жалақы да тағайындалған. Бұл жоба бірінші кезекте инженер-техниктерді қамтиды. Жастар арасында техникалық мамандықты насихаттап, оқу орны түлектерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған.
Замира Нишанова, Қазақстан даму банкінің Адами ресурстарды басқару департаментінің директоры:
- Біздің банк ірі индустриалдық жобаларды жүзеге асыратынын атап өту керек. Сондықтан еліміздің инженерлік-техникалық мүмкіндікті арттыру – банктің бұл салаға қосқан үлесі, қаржы институтының әлеуметтік жауапкершілігі аясындағы маңызды қадамдарының бірі.
Жоғары және арнаулы оқу орындарында ядролық физика мен ғарыш техникасы және технологиясын, өндірісті автоматтандыру мен мұнай саласын игерген 14 жас маман еліміздегі жетекші кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп үлгерді. Ал Ақтөбе рельс-арқалық зауытына келген студенттердің арасындағы үздіктері бағдарлама мәресіне жеткен соң осы жерде тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндігі бар.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков