Қазақстан үшін доңыз жылы мәдени жетістіктерге толы болды
Өткізіліп жатқан түрлі шаралар, жас әншілеріміздің жеткен жетістіктері мен Мемлекет басшысының бірқатар өнерпазды марапаттауы – соның айқын көрінісі.
Димаш. Бұл есімді қазір қазақ, қазақ дейміз-ау, тіпті Алты алашты былай қойғанда, күллі әлем жатқа біледі. Доңыз жылы Димаш үшін өте сәтті жыл болды. Әсіресе АҚШ-тағы кеші басқа-басқа біздің жадымызда мәңгі қалмақ. Себебі өзі айтып өткендей «Мақсатым – үлкен сахнада өнер көрсетіп, қазақ мәдениетін әлемге жеткізу», – деп еді. Міне, мақсатына жетті. Ол – Barclays Center сахнасында өнер көрсеткен тұңғыш қазақ. Талантына тамсанған Америка жұрты Димашқа қосылып қазақ тілінде ән шырқады.
Димашты көру үшін әлемнің түкпір-түкпірінен жанкүйерлері жиналған. Тіпті Гремми сыйлығының иегері, танымал Перу әншісі Ева Айлан өз концертін шегеріп, қазақ жігітімен кездесуге келген. Айтпақшы, қалың көпшілік Димаштың ұлттық аспапта асқан шеберлікпен ойнағанына куә болып, тарихы сонау тереңде жатқан домбыраның құдіретіне бас иді.
Иә, дарынды жігітіміз одан өзге халықаралық деңгейдегі кездесулер өткізіп, концерттер қойды. Осылайша Димаш қазақ емес, әлем мәдениетін бір сатыға көтерді.
2019 жылдың тағы бір мәдени жаңалығы – Ержан Максимнің жеңісі. Жас талант Junior Eurovision байқауында бақ сынап, ел намысын абыроймен қорғады. «Хабар» Агенттігінің өкілдері Польшаға Ержанмен бірге барып, жанкүйер болды. Сайыста жас әншіге жан-жақты қолдау көрсетті. Төгілген тер зая кетпеді. Ержан жүлделі орынды қанжығасына байлады.
Жалпы биыл мәдениет саласының майталмандары үшін қуанышты жыл болды. Оған тағы бір дәлел – Роза Рымбаеваның марапаты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың ерке қызын ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін «Қазақстанның еңбек ері» атағын беріп, «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденімен марапаттады.
Роза Рымбаева, Қазақстанның Еңбек ері, Қазақстанның халық артисі:
- Мемлекет басшысы мәдениет саласында тер төгіп жүргендерден бөлек, балақай бастаған ұлы бастамаға да көңіл бөлді. Айтпағымыз – Абайчеллендж. Қазақтың бас ақынын құрметтеп, оның 175 жылдығына орай өлеңдерін жатқа оқудан эстафета ұйымдастырылды. Елімізді былай қойғанда, әлемнің түкпір-түкпірінен қатысушылар атсалысты. Тіпті арасында танымал жұлдыздар да бар.
Келер жылы ұлы ағартушының мерейтойы жоғары деңгейде атап өтіледі. Қазірден бастап дайындық қызу. Ал желідегі эстафета әлі жалғасып жатыр.
Авторы: Бірлік Берікұлы