Елімізде ауа райына байланысты көлік қозғалысына шектеу қойылды
Абырой болғанда барлығы аман, тек түрлі дене жарақаттарын алған. Бұл – дауылды ескертпе мен жолдардың жабылғанын елемей сапарға шыққаның салдары.
Жаңа жыл ауа райымен қуантпады. Жолдардың жабық болуына қарамастан, көлік тізгіндеген кейбір жүргізушілер өмірлерін қауіпке тігіп, алыс сапарға шықты. Салдарынан кейбіреулері жол апатына ұшырады.
Гүлнәр Пинчук, Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Қаңтардың 1-і күні Алматы-Екатеринбург бағытындағы жолдың 1163-ші шақырымында сағат 12:40-та 4 автокөліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Hyundai Matrix машинасында отырған Қарағанды облысының тұрғыны қарсы жолаққа шығып кетіп, Mazda көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Бұның кесірінен тағы екі көлік соғылды. Салдарынан 7 адам зардап шекті. Барлығы дін аман, тек түрлі дене жарақаттарын алған. Қазір бұл оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі өндіріс басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
Ал таңертеңнен ауа райының қолайсыздығына байланысты 11 бағыт бойынша жол жабылды. Түске таман 6 бағыттағы жол ашылды. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, жолдарда қар тазалау жұмыстары түнімен тоқтамаған. Тіпті қар құрсауында қалған көліктер де шығарылып, діттеген жерлеріне сапарларын жалғастырды.
Ал жолға шығуға уақытша шектеу қойылғанына қарамастан, кейбір темір тұлпар иелері қулыққа барып, кедергіні жолсыз жермен айналып өтпек болған.
Айдана Айдынқызы, «Қазавтожол» ҰК» АҚ Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы баспасөз қызметінің басшысы:
- Ауа райының қолайсыз жағдайларына байланысты автожолдарда көлік қозғалысына қозғалысына уақытша шектеу қойылды.
Нұр-Сұлтан-Ерейментау-Шідерті автожолының 16 мен 200-нші шақырымы аралығында, Нұр-Сұлтан қаласынан Павлодар облысының шекарасына дейін, Нұр-Сұлтан-Ерейментау-Шідерті автожолының 200-шақырымынан 242-шақырымына дейін, Ақмола облысының шекарасынан Бозшакөл кентіне дейін, Қызылорда-Павлодар автожолының 1066-шақырымынан 1135-шақырымына дейін, Молодежный кентінен Павлодар облысының шекарасына дейін, Қызылорда-Павлодар автожолының 1135-шақырымынан 1367-шақырымына дейін, Қарағанды облысының шекарасынан Павлодар қаласына дейін жол жабық. Қазіргі сәтте Нұр-Сұлтан-Щучинск тасжолы бойынша 400-ге жуық көлік, Ақкөл-Нұр-Сұлтан учаскесі бойынша 70 көлік, ал Нұр-Сұлтан-Теміртау тасжолы бойынша 360 көлік жол-патрульдік қызметінің көмегімен қозғалуда.
Тағы мамандар жолға тек қысқы дөңгелектермен шығуға кеңес береді. Егер сұрақтар туындаса, 1403 нөміріндегі байланыс орталығына хабарласуға болады.
Нұр-Сұлтан-Павлодар бағыты – республикалық маңызға ие жол. Бұл жердің ашылғанына шамамен 1 сағаттай уақыт болды. Дегенмен жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің айтуынша, 20 шақырымдай өткеннен кейін Софиевка елді мекенінің маңында көлік қозғалысының қиындауы байқалады. Себебі қатты боран салдарынан жолдар әлі де болса тазаланып үлгермей жатыр. Жалпы синоптиктердің айтуынша, мұндай ауа райы ертеңгі күндері де сақталады. «Қатты боран соғады» деп күтіледі. Сондықтан Жаңа жылда алыс сапарға шықпай үйде отырғандарыңыз абзал.
Биыл Қазақстанда жаңа ақылы жолдар іске қосылды. Айталық, Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық транзиттік дәлізінің бір бөлігі, сонымен бірге Щучье-Петропавл, Омбы-Павлодар және Нұр-Сұлтан-Қостанай бағытындағы жолдар ақылы болды.
Жалпы 2024 жылға қарай ел аумағындағы 11 мың шақырым республикалық жол осы жүйеге енгізіледі. Жол ақысы әр бөліктің санаты, қозғалыс қарқынына байланысты есептеледі. Мысалы, жолдың техникалық жағдайы, ені, жолақ санына мән беріледі.
Өткен жылдың 19 маусымынан бастап сараланған тариф енгізілген болатын. Бұл – жүргізушілердің уақытын үнемдеп, ақы алу бекеттерінде өткізу мүмкіндігін арттыруға септігін тигізеді. Жеңіл автокөлік иелері үшін қолма-қол ақша төлеу екі есе қымбаттады. Бірақ жол ақысын онлайн төлеу арқылы әжептәуір қаржы үнемдеуге болады.
Авторлары: Риат Шони, Аманжол Байғазин