Елордада қоқыс шығару қызметінің құны 60% өсті
Көпқабатты үйдің тұрғындары осыған дейін әр адам басына 246 тг төлеп келсе, енді бұл баға 390 теңгеге өсті. Тарифті мәслихат жыл аяғында бекіткен. Қоқыс жинайтын компания өкілдері соңғы 8 жылда тарифтің өспегенін алға тартса, қала тұрғындары қалталарын ойлап отыр.
Астана қазір өсті. Адам саны артқан сайын қоқыс та көбейіп барады. 2011 жылы елордадан жылына 90 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылатын, ал қазір бұл көрсеткіш 300 мың тоннадан асады. Сонымен, жаңа жылдан бастап қоқыс шығару қызметі қымбаттады.
Бұл тариф енді көпқабатты үйлер үшін – 390 теңге, ал жерүй тұрғындары үшін – 414 теңге. Бұл – әр адам басына шаққандағы төлем.
Алмаз Рысалиев, Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бөлім басшысы:
- Қоқыс шығарушы компанияның қатысуымен 766 теңгеге көтеру ұсынысы түскен болатын. Біз талдау жасадық, аудит жүргіздік. Соның негізінде қорытындылай келе біз «390 тг компанияның жұмыс жасау бөлігінің шығыстарын жабады» деген шешімге келдік. Бұл бағаны 466 теңгеге көтеру ұсынысы түскен болатын. Бірақ халықтың қазіргі әл-ауқатын түсіне отыра біз 466 теңгені қолдамай, 390 теңгені қалдырдық.
Жергілікті билік тарифті өсіруге мәжбүр екенін айтады. Себебі қалдық шығару тарифі соңғы 8 жылда өспеген. Ал осы аралықта жанар-жағармай бағасы еселеп қымбаттады. Оның үстіне жаңа тариф экологиялық кодекстің талаптарына сай келеді. Яғни жаңа баға қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, әкету, кәдеге жарату, қайта өңдеу және көму секілді толық циклді қамтиды.
Дуслан Ахметов, қоқыс жинайтын компанияның бас директоры:
- Тарифтің өсуінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, қала үлкейіп барады. Соған байланысты біз де қызметкерлер санын көбейттік. 2011 жылы біздің қызметкерлердің жалақысы 50 мың теңге болса, қазір 147 мың теңгеге ұлғайды. Әрине, бұл зиянды әрі ауыр жұмыс жағдайында лайықты жалақы емес. Дегенмен, салыстырмалы түрде жоғары.
Дуслан Ахметов – қаладан қоқыс шығаратын компанияның бас директоры. 2017 жылы компания тендер жеңіп алып, 5 жыл бойы елорданы қоқыстан тазартатын жалғыз монополист атанды. 91 бірлік техника, 400 қызметкері бар. Тәулігіне 600-ден 800 тонна, ал айына 22-23 мың тонна қалдық жинап шығарады.
Дуслан Ахметов, қоқыс жинайтын компанияның бас директоры:
- Мысалы, домофонды алайық. Сіз ай сайын 250-ден 400 теңгеге дейін төлеп отырасыз. Жұмысы көзге көрінбейді. Олар сіздерге күн сайын келмейді. Ал біздің көліктер күн сайын келеді, адами ресурстар бар. Оның үстіне салыстыра келсек, бір қорап темекі біздің қызметтен қымбат тұрады. Сондықтан көбінің көңілі толмайтынын білеміз. Бірақ бұл – қажет қадам.
Тұрғындардың дені бұл қымбатшылықтан тіпті хабардар болмай шықты.
Енді бірі темекіден бас тартуға келіссе де, қоқыстың да қымбаттауын қуана қабылдаған жоқ.
Аз қамтылған астаналықтардың наразылығына қалмау үшін жергілікті билік оларға жеңілдік қарастырған. Мысалы, «Екінші дүниежүзілік соғысының қатысушылары бұл коммуналдық төлемді төлемейді», – дейді. Бірақ олардың саны онсыз да аз. Сондай-ақ көпбалалы отбасылар, І топтағы мүгедектерге тарифтің тек жартысын төлеуге рұқсат етіледі. Ал ІІ топтағы мүгедектерге 25% жеңілдік ұсынылады. Сонымен нұрсұлтандықтар үшін жаңа 2020 жыл қоқыстың қымбаттауымен есте қалатын болды.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Бекболат Базаров