ШҚО-да қарды уақытылы тазалауға техника жеткіліксіз
Өскемен қаласының өзінде қазір ақ ұлпаның қалыңдығы 35-40 см-ге жетті. Сондықтан коммуналдық мекемелер тоқтаусыз жұмыс кестесіне көшіп, барлық техниканы жұмылдырды. Алайда қала ішін қардан толық тазартып үлгермей жатыр.
Былтырғы қазан мен қараша қарсыз болғанымен, желтоқсанда қар толассыз жауды. Әсіресе шеткі аудандардағы көшелер мен кейбір аялдамалар әлі қарға көміліп тұр.
Бүгінге дейін қаладан 50 мың текше метр қар шығарылған. Қаланың тазалығына жауапты мекеме жетекшілерінің айтуынша, жұмыс күші мен техниканың аздығы да қолбайлау. Қазір коммуналдық кәсіпорында 85 техника болса, күнделікті 60-тан астам техника мен 120 жеке жұмысшы жұмылдырылады. Дегенмен, әлі де 70 жұмысшы жетіспейді.
Тимур Екібасов, коммуналдық мекеме директоры:
- Өткен жылмен салыстырғанда қараша мен желтоқсанда биыл қар 30 мың текше метрге көп жауды. Биыл соңғы екі айда ғана 50 мың текше метрден астам қар шығардық. Оған қоса техника мен жұмыс күшінің жетіспеушілігі кедергі келтіріп тұр.
Жеке жұмыс күшінің жетіспеушілігі әсіресе аялдамалар мен жаяу жүргіншілер жолындағы қардың уақытылы күрелмегенінен анық байқалады. Ал кейбір тұрғындар автокөліктерін түнде жол бойына қояды. Осының кесірінен ауыр техника жиектасқа жақындай алмайды.
Әлібек Тұрсымбетов, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
- 1 күнде 20-дан астам айыппұл салынды. Өйткені арнайы тұрақтар бар. Түнгі сағат 22:00-ден таңғы 7:00-ге дейін көліктерді қоятын жерлер бар. Сол жерге қалдырып кетеді. Үлкен сауда үйлері бар. Олар өздерінің аулалары мен жаяу жүргіншілер жолын тазаламайды. Ол да бір үлкен мәселе. Халықтың наразылығы бізге келіп жатады. Бұл жерде жеке кәсіпкерлер өз жауапкершілігін білу керек.
Жауапкершілігін білмейтін ауласындағы қарды күремейтін 60-тан астам жеке кәсіпкерге ескерту жасалған. Олар 1 айдың ішінде ескертуден қорытынды шығармаса, айыппұл салынуы мүмкін. Ал осы қыста қаладағы жолдарды тазалауға жергілікті бюджеттен 300 млн теңге бөлінді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Олжас Керейхан