Шымкентте 30 мыңнан астам отбасы АӘК алуға ниетті
Әрі құжат қабылдау науқаны жүруде. Жаңа атаулы әлеуметтік көмек кімдерге тиесілі?
Жанат Тастанбекова жаңа АӘК алу үшін құжат тапсыруға келген. Ол – 7 баланың анасы. Қолындағы кенжесі 2 айлық. Отағасының тапқаны отбасы мүшелерін толық қамтымайды. Сондықтан мемлекеттен балалары үшін жәрдемақы алады. «Биылғы атаулы әлеуметтік көмектің жаңа үлгісіне де көңіліміз толады», – дейді ол.
Жанат Тастанбекова, көпбалалы ана:
- Атаулы әлеуметтік көмек алуға келдім. Алдында алғанбыз. Ешқандай мәселе болған жоқ. Заңды түрде алдық. АӘК-ті ұйымдастырған Үкіметке рахмет айтамын. Осы арқылы қаншама тірлігімізді жасап жатырмыз. Өзіміз жалдамалы пәтерде тұрамыз. Қазір үй кезегінде тұрмыз.
Жанат Тастанбекова секілді шаһарда АӘК-ке мұқтаж 30 мыңнан астам көпбалалы ана бар. Олар жаңа жылдан бері құжатын арқалап орталықта жүр. Мемлекеттік жәрдемақыны тағайындайтын қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері биылғы АӘК-тің басым бағыты азаматтарды жұмыспен қамту екендігін айтады. Іске жарамды, екі қолға бір күрек ұстай алатын азамат ұсынылған жұмыстан бас тартқан жағдайда ол 6 айға дейін АӘК-ке жүгіне алмайды.
Жанат Өтебаева, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұрын тек бала басына 20 789 тг алып отыратын болса, енді ол 1 жастан 3 жасқа дейінгі және 3 жастан 6 жасқа дейінгі баласына азық-түлік жиынтығын алады. 1-6 жасқа дейін гигиеналық құралдарын алады. Сондай-ақ 6-18 жасқа дейінгі балалары болатын болса, күнделікті ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Жылына бір мәрте мектепке киіндіру, оқуға қажетті құрал-жабдықтарды алуға қаржы бөлінеді. Сонымен қатар жол жүруге қаржы қарастырылады. 1100 адам бізге жүгінді. Соның ішінде 369 адамның құжатын «E-HALYK» жүйесі арқылы қабылдап, қалған 700-ден астам адамға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қарлығаш Ниязалиева өткен жылы АӘК алған. Қолға түскен қаржыға тігін машинасын сатып алыпты. Қазір сонымен күн көріп отыр. Үйдің асыраушысы да өзі. Көпбалалы ана кәсіпкер болуға ниетті. Қазір қысқамерзімді курсты аяқтап, қайтарымсыз грант алуды ойластырып қойыпты.
Қарлығаш Ниязалиева, көпбалалы ана:
- АӘК-тің пайдасы бар. Әркімнің өз ынтасы болса, кәсіппен де айналысуға болады. 21 мың теңгемді алып, кәсібімді бастап, құрақ құрап, қыз жасауын жасап жатырмын. Қазақтың ұлттық шапандарын тігуді бастадым.
«Жаңа бағыттағы АӘК-ті тағайындау үшін биыл комиссия мүшелерінің құрамы күшейтіледі», – дейді мамандар. Себебі өткен жылы бұл көмекті әл-ауқатты отбасылар да алғандығы белгілі болған. 271 жанұяға ақшасын қайтару жөнінде хабарлама жіберілген. Биыл бұл олқылықтар қайталанбаса игі.
Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов