2020 жылы АӘК пен мемлекеттік жәрдемақыға 327 млрд теңге жұмсалады
Қаржылай көмек өз алдына, мектепке дейінгі балаларға азық-түлік топтамасы мен гигиеналық заттар да берілетін болды. Бұл туралы ресми түрде мәлімделіп, олардың тізімі таныстырылды.
АӘК алатын мектепке дейінгі жастағы баласы бар отбасыларға берілетін азық-түлік топтамасы бар. 3 жасқа және 6 жасқа дейінгі екі жиынтық ай сайын беріледі. Ал гигиеналық құралдар тоқсан сайын жеткізілмек.
Мәселен, 3-6 жасқа арналған қоржында сүт, макарон, сұлы жармасынан бастап табиғи балға дейін болуы тиіс. Әр өнімнің салмағына дейін көрсетілген.
Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Қазір бізде әкімдердің ұсынысы бойынша барлық өңірде Үкіметтің қаулысымен 493 сауда орталықтары мен кәсіпкерлер бекітілді. Солар аталған қорапты дайындайды. Оларға талап, техникалық сипаттамалар әзірленді. Бұл жерде сол топтама сапасына қатысты жарамдылық мерзімі, қаптау тәртібі, жеткізу тәртібі сынды талаптар – бәрі қалыптастырылған. Сондықтан сызбасы дайын.
Ал АӘК-ке келер болсақ, оны беру жалғаса береді. Былтыр 2 млн қазақстандық сол қолдауға ие болыпты. Биыл оны рәсімдеу формасы өзгерді және отбасындағы жұмысқа қабілетті тұлғалар еңбек етуге міндетті.
Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Төменгі күнкөріс деңгейінің 70% мөлшерінен орта табысы төмен болса, АӘК-ке ие болады. Жан басына шаққандағы АӘК алатын отбасында еңбекке жарамды азаматтар болса, оларды біз жұмысқа тартамыз. Егер ондай жұмыс табылмаса, біз басқа шаралар ұсынамыз.
Ал 4 және одан көп баласы бар отбасына табысына қармай мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Жасы 0-ден 18 жасқа дейінгі бір бала үшін берілетін ақы 10500 тг-ні құрайды. Күндізгі бөлімде оқитын студент болса, оған 23 жасқа дейін төлем жасалады. Сондай-ақ жаңа жылдан бастап бюжеттік сала қызметкерлерінің жалақысы көтерілді.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Орта есеппен 25-30% көбейтілетін болады. Оған қосымша барлық әлеуметтік төлем 5-30% дейін көбейтіледі. Қорыта айтқан кезде, осы шарамен 7 млн аса қазақстандықтар қамтылады. Осы шараларды іске асыру үшін бюджеттен 3,7 трлн теңге қаржы бөлінген.
Қорыта айтқанда, биыл мемлекет бюджеттің 50% әлеуметтік салаға жұмсамақ.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы, Жандос Сұлтанғасы