Шымкентте көпбалалы аналарға еріктілер жәрдемдесіп жатыр
Шаһардағы 80-нен астам ерікті Жұмыспен қамту орталығы мен аудандық 4 әкімдіктің жанынан ашылған құжат қабылдайтын орындарда таңнан бері қызмет көрсетуде.
Олар келушілердің кезегін реттеп, көмек алу бойынша тұрғындардың сауалдарына жауап береді. Ал қалада жыл басынан бері мыңнан астам көпбалалы ана АӘК алуға өтінім берген.
Қуандық Жанысбаев – осындағы халыққа көмек беруге келген жастың бірі. Ол біраздан бері ерікті ретінде еңбек етіп келеді. Оның соңынан ерген жастар да жетерлік. «Шымкент еріктілері» қозғалысын құрған Қуандық – қаладағы жоғары оқу орнында студент. «АӘК алуға ниетті көпбалалы аналарға қолғабыс жасау – міндетім», – дейді ол.
Қуандық Жанысбаев, ерікті:
- Еріктілердің жұмысы – келген адамдарды қарсы алып, түсінбеген мәселелерді түсіндіріп, мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне таныстырып, қай ауданға байланысты қай жерге бару қажеттігін көрсетіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізу.
Жаңа жылдан жаңа тәртіпке көшкен АӘК-ке құжат қабылдау алғашында әріптік кестемен жүзеге асатын болып жоспарланған. Алайда бірінші болып құжат тапсыруға асыққан көпшілік кезек нөпіріне тап келуде.
Еріктілердің ісі көпшіліктің көңілінен шыққандығы да анық. Олар мұнда бағыт-бағдар беріп қана қоймайды. Қажет кезде АӘК алу тұрғысындағы заңды да түсіндіреді. «Мұндай қолғабыс етуші азаматтар халыққа қызмет көрсететін түрлі орталыққа қажет», – дейді тұрғындар.
Эльвира Сағындық, қала тұрғыны:
- АӘК бойынша келдім. Бұл жақта еріктілер қарсы алды. Қай жаққа барарымызды білмей тұрғанымда маған бағдар беріп отырды. Өзіме керек ақпаратты алдым.
Еріктілер келгелі АӘК-ке құжат қабылдайтын Жұмыспен қамту орталығы қызметкерлерінің де жұмысы жеңілдепті. «Қазір олардың білімдерін жетілдірудеміз», – дейді сала мамандары.
Әсет Шағдат, қалалық Жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары:
- Еріктілер келген халыққа жаңа АӘК талаптары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Құжат тапсырғанға дейін тұрғындар еріктілерден ақпарат алып жатыр. Былай байқап қарасақ, еріктілердің көп көмегі тиіп жатыр.
Қазір жаңа форматтағы АӘК-ке құжат қабылдау 4 аудандық әкімдікте қатар жүруде. Мәселен, біз Қаратау ауданының халқымен жүздестік. Сөзіне құлақ астық.
Индира Жаңашова, көпбалалы ана:
- 5 адам қабылдап жатыр. «Бұл жақтан кезек күтпеңіздер», – деді. Енді мына жаққа келсек, бір-ақ адам қабылдап жатыр.
Мұнда да еріктілер келушілерге көмек көрсетіп жатыр. «Кезегін күткен аналарға алдағы уақытта су мен ыстық шай беру ойымызда бар», – дейді олар.
Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов