Президенттің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы қызу талқылануда
Олардың дені – абайтануда сүбелі үлесі бар тұлғалар.
«Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы – ұлттық идеяға жұмылдыратын бағдарламалық мақала» деп есептейді филология ғылымдарының докторы Арап Еспенбетов. Сонымен қатар Семей қаласына тарихи мәртебе беру туралы Президент тапсырмалары жұртшылыққа ерекше жігер беріп отыр.
Жандос Әубәкір, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры:
- Өте қуаныштысы – Семей қаласын тарихи орталық ретінде тану. Сонымен бірге әлемнің әр түкпірінен келетін қонақтарға осы Жидебай өңірін таныстыру, әсіресе «Абай мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейін дамыту керек» деген сөздер – біз үшін өте жағымды жаңалық.
Шығыстың басты басылымдары да өткен жылдан бері Абай мұраларын бірнеше айдарға арқау еткен. Бұл тұрғыдағы игі бастамаларына биыл да ерекше қарқын қоспақ ниетте екен.
Уәлихан Тоқпатаев, облыстық «Дидар» газетінің бас редакторы:
- «Толық адам» деген айдар ашамыз. «Толық адам» дегенмен, біраз материал сериясымен бастап береміз. Ал біз мына Ақшоқыға сапарымызды өткен жылы шілде айында бастағанбыз. Бірнеше материал сериясын бердік. Енді алдағы уақытта мүшайра ұйымдастырамыз.
Ал Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің проректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Камалбек Беркімбаев: «Ойшылдың идеяларын оқып қана қоймай, оны жүзеге асыру және шығармаларын әлемдік деңгейде насихаттау керек», – дейді.
Камалбек Беркімбаев, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:
- Абай әр уақытта қазақтың білімге, ілімге, ғылымға терең бой ұрса, әлемді танытатындай қоғамның белді мүшесі болса екен деген ойларды айтады. Біздің Президенттің мақаласы өскелең ұрпақты Абай арқылы қазақты әлемге танытуға үлкен мүмкіндік береді. Мақала әлемдік деңгейде қызу талқыланып жатыр. Біз қазақты айтқанда Абайдың шығармалары арқылы әлем бізді танитындай деңгейде болуымыз керек.
«Абайды тану санамызға серпіліс әкеледі. Себебі ойшыл ғұламаның шығармаларында біздің өткеніміз бен келешегіміз бар». Бұл – тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікованың пікірі.
Сәуле Мәлікова, тарих ғылымдарының кандидаты:
- Абайдың қоғамды, жеке тұлғаның дамуында жалпы айтқан сөзі – «Адам бол». Осы «Толық адам» концепциясы арқылы бүгінгі жастар қандай болмағын ашады. «Себебі қоғамның дамуында заман өзгеріп жатыр», – дейді.
Адами асыл қасиеттерге көңіл бөлу қоғам дамуының басты тетігі болуы тиіс. «Осы ретте гуманизмге ерекше мән берудің жас ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор», – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары.
Бағдат Кәрібозұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор:
- Ұлы Абай қайрат пен ақылды сезімге жеңдіреді. Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені атапты. Біздің қазақ халқының тарих сахнасынан өшіп кетпей, сақталып қалғаны былай тұрсын, жұрттың бәріне құшағын жайып, тарихтағы қиын-қыстау кездерде адамгершіліктің биігінен көрінуі сол жүрегінде, сезімінде жатыр.
Ғабит Тұяқбаев, филология ғылымдарының кандидаты, доцент:
- Біріншіден, біз осы уақытқа дейін Абай өмір сүрген XIX ғасырдағы қоғам аясында зерттеп-зерделеп келетін болсақ, Президент Абайды бүгінгі қоғам деңгейінен қарайды. Соған байланысты өзінің ой-пікірлерін білдіреді. Бұл, әрине, бүгінгі қазақ үшін Абайды жаңаша түсінудің, жаңаша танудың, жаңаша бағалаудың бір үлкен жолы деп айтуымызға болады.
Президент мақаласын әр ұжым, әр білім мекемесі талдап, ой өзегінен өткізуі керек. Зиялы қауым өкілдерінің ортақ пікірі осыған саяды.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Айтмұхамед Байділдаев