Алматы облысында қасқыр мен шибөрі атуға рұқсат берілді
Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 9 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Ол аңшыларға сыйақы ретінде беріледі. Мамандардың айтуынша, Жетісу жерінде 6 мыңға жуық қасқыр мен 2,5 мыңға жуық шибөрі бар. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіндегілер биологиялық негіздеме және экологиялық сараптама жүргізіп, Алматы облысында биыл 1500 зиянкес жыртқышты атуға квота бөлді. Өткен жылы жетісулық аңшылар 346 қасқыр мен 232 шибөрі атып, мемлекеттік сыйақы алған. Жаманауызды көп атқандардың саны жағынан Балқаш пен Қаратал ауданының аңшылары көш бастап тұр.
Сансызбай Көптілеуов, Аңшылық шаруашылығының басшысы:
- Малшылар: «Қасқыр көбейді», – деп жатыр. Олар малға шығын жасап жатыр. Олардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Кей облыстарда мораторий жарияланды. Оны бекер жасады. Өйткені қасқыр өте көп. Ол – ақылды аң. Тығылып қалады, ату да қиын. Малға шығын келтіріп жатыр.
Нұрқуат Қонысбаев, аумақтық инспекция басшысының орынбасары:
- Облыс әкімдігі тарапынан 9 млн 270 мың теңге қаражат бөлініп отыр. Бұл қаражат зиянкес жыртқыштардың санын реттеумен айналысатын аңшыларға сыйақы төлеу мақсатында бөлініп отыр. Бүгінгі күні сыйақы мөлшері 1 қасқырға 20 мың теңге болса, бөлтірік пен шибөріге 10 мың теңге. Қазіргі кезде жыртқыштар тарапынан болған жағдайға байланысты тосын хабар түскен жоқ.