Абай өлеңдері басылған қысқа жең көйлектерге сұраныс артты
«Оны ұйымдастырушылардан бөлек ұлы ақын мұрасын насихаттауға әрбір тұрғын атсалысуы тиіс». Суретші Аңсаған Мұстафа осылай дейді. Оның айтуынша, бүкіл халық болып, үн қосқанда мерейтойдың мәні мен мазмұны арта түспек. Ол Абай өлеңдері басылған футболкалар шығара бастады.
«Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге», «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап». Енді һакім Абай шығармаларын қысқа жең көйлектерден де көруге болады. Суретші Аңсаған Мұстафа әзірге ақынға арнап, 10 дизайн жасап шығарды. Ол Абай туындылары мен суреттерінен тұрады. Суретші бұл бастаманың 9 жасар Ләйлім Шырақтың өлең оқып бастаған челленджінен бастау алғанын айтады.
Аңсаған Мұстафа, суретші:
- Мен де сіңліме ерекше риза болдым. «Абайдың 175 жылдығына арнап жастардың патриоттық сезімін оятатын Абай өлеңдерін насихаттайтын қандай күшті челлендж шығарған», деп қатты қуанып кеттім де, оқыла бастаған өлеңдерге футболка жасай бастадым. Футболкалар лезде сұранысқа ие болып кетті. Жастар өздері тапсырыс бере бастады.
Абайдың әрбір өлең жолы адамға ой салады. Әр шығармасынан рухани азық аласыз. Сондықтан Абай туындыларын осылай насихаттауға кірістім. «Дүниені өзгерткің келсе, өзіңнен бастаған жөн», – дейді суретші. Қазір ешбір мән-мағынасы жоқ жазулары мен суреттер бейнеленген киімдерді көп көреміз. Кәсіпкер «Оның орнына өзіміздің қазақы нақышта салынған, әр сөзінен ғибрат алатын Абай өлеңдері көп ой салады» деп біледі.
Аңсаған Мұстафа, суретші:
- «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап, Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап». Қандай асыл сөздер! Абай атамыздың әр сөзі алтын. «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат». Осындай жігіттерге де, қыздарға да арналған дизайнымыз бар.
Аңсаған Мұстафа алдағы уақытта Абайдың қарасөздері мен философиялық тұжырымдары басылған футболкаларды да шығармақ. Ол халықтың рухани әлемін түзетуші ойшылдың 175 жылдық мерейтойына осылай үлес қосып жатыр.
Авторы: Қарлығаш Қайыпбекова