Шымкентте тарихи ескерткіштер мен киелі жерлер жайлы ақпарат қолжетімді болады
Жергілікті оқу орнының студенттері осындай жоба жасап жатыр. Олар өз бастамасын «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы талқыланған жиында таныстырды. Басқосуда өлке тарихына қатысты және ұлтымыздың мәдени мұрасына байланысты атқарылған игі шаралардың қорытындысы шығарылып, нәтижесі сараланды. Мұғалімдер мен ғалымдар, қоғам қайраткерлері осы жылға арналған өзіндік жоспарларымен де бөлісті. Соның ішінде IV курс студенті Олжас Құрақбайдың мобильді қосымшасы да бар. Оған 100 шақты тарихи-археологиялық ескерткіш туралы мәлімет енгізілген. Жас дарын жобаны мамыр айында іске қосуды жоспарлап отыр.
Олжас Құрақбай, жоба авторы:
- Қосымшаның негізгі мақсаты осы қала аумағындағы киелі нысандарды карта бетіне енгізіп, оны басқа сайттарда жоқ мағлұматпен толықтырып, халыққа осындай контентте жеткізу болып саналады. Қосымшаның артықшылығы: 360°-тық сурет бейнелері жасалады.
Зәуре Оралбаева, Шымкент қалалық «Рухани жаңғыру» бөлімінің жетекшісі:
- Шымкенттің өзі «ТМД елдерінің мәдени астанасы» болып жарияланып отыр. Міне, осы айтулы датаның шеңберінде 40-тан астам іс шара өткізілгелі жатыр. Іс-шаралардың форматы: халықаралық симпозиумдар, республикалық конкурстар, арнайы көрмелер, мерекелік бағдарламалар. Бұл – тарихи, саяси-әлеуметтік маңызы зор шаралар.