БҚО-да кәсіпкердің отбасы кісі қолынан қаза тапты
Оқиға кеше кешкісін сағат 22:00 шамасында болған. Янайкин ауылының тұрғыны 67 жастағы Александр Запрометовтің үйіне баса-көктеп кірген белгісіз біреулер кәсіпкер мен оның зайыбын және Ресейден келген 43-тегі ұлын пышақтап кеткен. Артынша тұрғынжайға өрт қойған. Жедел жеткен өрт сөндірушілер зардап шеккендерді оттың ортасынан шығарғанымен, аман алып қала алмады. Қазір 900-дей тұрғыны бар ауыл түгел қоршауға алынып, келімді-кетімді кісілер тексерілуде. Қылмыстық кодекстің 93-бабы, 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.
Оқиға барысы Ішкі істер министрінің тікелей бақылауында. Бүгін таңмен елордадан арнайы тергеу тобы ұшып келген. Тиісті органдар тергеу құпиясына байланысты артық ақпарат бермей отыр. Бірақ қылмыстың кәсіпкерді тонау мақсатында жасалуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Серік Сүйіндіков, БҚО Полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары:
- Адамдардың мүрделері сот медициналық сараптамасына жолданды. Қазіргі уақытта аталған іске қатысы бар тұлғаларды және куәгерлерді анықтау бойынша жедел тергеу жұмыстары жүргізілуде. Барған кезде бірінші үлкен ер адамды алып шыққан. Содан соң үйінде тағы бір әйел, бір ер адам бар екенін білген. Өрт сөндіру кезінде оларға іздеу жүргізілді. Өкінішке қарай, үшеуі де қаза болды.