Қостанай облысында электр қуатының бағасы 7,5% өсуі мүмкін
Аймақты электр энергиясымен қамтамасыз ететін монополист компания орташа тарифті 7,5% көтеруді көздейді. Энергетиктердің айтуынша, 2020 жылдан бастап станциядан электр қуатын тасымалдау мен тарату құны шарықтап кеткен.
Биыл Энергетика министрлігі 30-ға жуық электр станцияның баға саясатына өзгерістер енгізіп отыр. Соның кесірінен 1 ақпаннан бастап облыста жарықтың құны 17 теңге 64 тиыннан 18 теңге 97 тиынға қымбаттайтын түрі бар.
Десек те, тариф жөніндегі өтінім мақұлданған жоқ. Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті энергетиктердің ұсынысын терең талдап, нақты қорытындыны 10 күн ішінде жасайтындарын мәлімдеді.
Анаргүл Өскенбаева, электр энергиясымен жабдықтау компанияның бас директоры:
- Сағатына 1 кВт үшін тарифті алып қарайтын болсақ, оның 43% станциядан сатып алатын бағамызды жабуға жетеді. Ал 52% тасымалдау мен таратуға жұмсаймыз. Қалғаны абоненттерге қызмет көрсету шығындары болып есептеледі.