Ел аумағында бензин бағасы бірнеше теңгеге қымбаттады
Өткен айда Энергетика министрлігі 2020 жылдан бастап акциз құнының 10 теңгеге көтерілетінін мәлімдеген. «Бірақ бұл өзгеріс бензин бағасына бірден әсер етпейді», – деген. Алайда бірнеше күннен бері АИ-92 маркалы отынның құны кей өңірлерде тұрақсыздық танытып тұр. Мәселен, Талдықорғанда апта бұрын литрі 144-145 теңгеден сатылған бензин қазір 150 теңгеге саудаланып жатыр. Ақтөбе, Нұр-Сұлтан қалаларында да жағдай осындай. Баға небәрі 4-5 теңгеге көтерілсе де, қымбатшылықтың әсерін халық сезініп үлгерді. Олар бензин бағасының өсуі өзге де тауарлардың қымбаттауына әсер етеді деп уайымдайды.
Бензиннің қымбаттау себебін түсіндіріп беруі тиіс Энергетика министрлігі Ұлттық экономика министрлігіне сілтеп отыр. Ал бұл ведомство бағаға қатысы жоқтығын айтып, бастарын ала қашты. Әзірге жауапты органдар ресми мәлімдеме жасауға асығар емес. Десе де өңірлердегі жауапты басқармалар баға өскенін жоққа шығармайды.
Алуа Барлық, Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының бас маманы:
- Жанар-жағармай бағасының 3-4 теңгеге көтерілуі байқалады. Дегенмен, облыстағы жағдай тұрақты және бағаның мониторингі күнделікті жүргізілуде. Қаңтар айына Энергетика министрлігімен АИ-92 маркалы жанар-жағармай 22 мың тонна бөлінді.