Мемлекеттік сатып алу саласында заңбұзушылықтар тіркелді
Бірақ бизнестің адымын аштырмай отырған бір мәселе бар. Ол - жемқорлық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі өткен жылы мемлекеттік сатып алу саласында 350 фактіні тіркеген. Ел экономикасына келген шығын көлемі – 2,5 млрд теңге. Жалпылай айтсақ, әрбір 6-ыншы сыбайластық статистикасы осы секторға тиесілі. Қазақстан мемлекеттік сатып алу процесін электронды форматқа ауыстырғалы 10 жылдың жүзі болды.
Бірақ адамның қатысуы әлі азаймай келеді. Ал адам жүрген жерде амал да, айла да бар. Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу процесін ыңғайлы әрі ашық ету үшін заңға тағы өзгерістер енгізбек. Бірақ ол тендер төңірегіндегі түйіткілді шеше қоя ма?
Сәбит Ахметов, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік Сатып алу заңнамалары департаментінің директоры:
- Майды жылына бір рет барып ауыстырамын. Қазір тендерге кез келген адам қатыса алады.
«Тендерге әркімнің-ақ бар таласы». Солардың бірі – Алматыдағы вентилятор зауыты. Онда 36 мыңнан астам тауар түрін өндіріледі. Тендерге қатысқанмен, жолы бола бермейді. Себебі мемлекеттік сатып алу секторы бұйырыққа бағынбай тұр.
Нұрғали Бөксіков, желдеткіш шығаратын зауыттың директоры:
- Экономика министрлігінің 2015 жылдың 3 ақпанында шыққан бұйрығы бар. Сол бұйрық көбінесе орындалмайды. Ол бұйрық бойынша мемлекеттік сатуларда қазақстандық өнімдерді қолдану керек.
Қазақстандық өнімді жергілікті халықтың өзі тұтынбауы – парадокс. Зауытта шығатын сапалы өнімге мемлекеттік құрылымдар тапсырыс бермейді. Себебі олар үшін тым қымбат. Бұған заңның өзі мәжбүрлейді. Мемлекеттік сатып алулар туралы заң бойынша конкурс шеңберінде қос компанияның қайсысы төмен баға ұсынса, сол жеңімпаз атанады. Ал арзанның жілігі татымайтыны бар.
Сәбит Ахметов, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу заңнамалары департаментінің директоры:
- Компаниялар қатысып, жеңіп алу мақсатында бағаны төмендетіп жібереді. Кейін оны орындау барысында проблемаға ұшырайды. Сөйтіп Қытайдан әкеледі. Оны олар алғысы келмейді. Бірақ бюджет қаржысын игеру керек, амалдың жоқтығынан алады. Қазір біз демпинг қойып отырмыз. Бағаны шектен тыс төмсендетуге рұқсат жоқ.
Сатып алудың зардабын тартып жүргендердің бірі – кәсіпкер Біржан Қожақов. Өзі І топтағы мүгедек әрі жиһаз жасаумен айналысады. Қазір ол индустриалды сертификат алудың қамымен жүр. Бірақ ол оңай шаруа болмай шықты. Алдымен сәйкестік сертификаты үшін жүздеген жиһаз үлгісін Нұр-Сұлтан қаласына апарып, сынақтан өткізу керек. Жақын жерде басқа зертхана жоқ. Тиісті қорытынды алған соң, осы сала қауымдастығының мамандары орталықтан келіп, кәсіпорынды көруі тиіс. Сала құлаш құжат жинау тағы бар. «Мұның бәріне 10 миллиондай қаржы кетеді», – деп кейіп отыр кәсіпкер.
Біржан Қожақов, кәсіпкер:
- Ана жақтан келген мамандардың келіп-кетуі үшін жол ақысын төлеймін. Қонақүйде тұруын да мойнымызға аламыз. Жиһазды көлік апару тағы бар. Оралдан Нұр-Сұлтанға дейін кем дегенде 250-300 мың кетеді. Осының бәрі қаражатқа тіреледі ғой.
Ол проблеманы министрліктегілер де біледі. Бірақ олар: «Бұл –отандық өндірушіні қолдау үшін жасалған қадам», – деп отыр.
Сәбит Ахметов, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу заңнамалары департаментінің директоры:
- Иә, біраз шағым болды. Қазіргі таңда шағымдар бизнестен ғана емес, мемлекеттік мекемелерден де келіп отыр. Жиһаз алайық десе, отандық өндірушілер жоқ.
«Біздің мемлекеттік сатып алу секторының басты үш проблемасы бар», – дейді мамандар. Оның бірі – сапа мәселесі, екіншісі – біз мысал келтірген процестердің күрделілігі, ал үшіншісі – жемқорлық.
Айнагүл Карипова, Превенция департаменті Жемқорлық тәуекелдерін талдау басқармасының офицері:
- Өткен жылы мемлекеттік сатып алу саласында 350 жемқорлық фактісі тіркелді. Бағаны қолдан өсіру, бюджет қаржысын өз пайдасына жарату секілді қылмыстық істер анықталды. Мысалы, Қостанай жылу-электр компаниясы 43 млрд теңгеге техникалық тұз сатып алмақ болған. Анықтай келгенде бұл сома 450% қымбаттап кеткені белгілі болды. Біздің ұсынысымыз бойынша сатып алу тоқтатылды. Осындай жобалау кезіндегі тексеріс бюджет қаржысын үнемдеуге көмектеседі.
Мемлекеттік сатып алуға жобалау сәтінде-ақ қарапайым қоғамдастықты араластыру қажет. Бұл – соңғы екі жыл көлемінде тендер төңірегін зерттеп жүрген сарапшы Кирилл Павловтың пайымы. Осы екі жылдың ішінде адамнан айла артылмайтынына әбден көзі жеткен. «Сатып алу секторына ашықтық қажет», – дейді ол.
Кирилл Павлов, сарапшы:
- Заңдарды түбегейлі өзгерту қажет. Қоғамдастықты тарту қажет. Қарапайым адамдарды мемлекеттік сатып алу жобасын әзірлеу барысынан бастап-ақ қатыстырған жөн. Мысалы, ауыл тұрғындарына су құбыры қажет пе, мәдениет үйі қажет пе, не ол ақшаға мектепті жөндеген дұрыс па? Ал бізде барлығын билік өзі шешіп беріп отыр.
Билікті де түсінуге болады. Себебі мемлекеттік сатып алу – секторы ел экономикасының негізгі реттеушісі. Оның көлемі соңғы 4 жылда 3 есеге артып, 6 трлн теңгеге жеткен. Бұл ел шығынының жартысына тең. 18 мың тапсырыс беруші, 80 мың жеткізуші бар. Ақша көп жерде проблема да көп.
Әрбір 6-ыншы жемқорлық фактісі осы мемлекеттік сатып алу секторында тіркеледі. Ел экономикасына келген шығын көлемі – 2,5 млрд теңге.
Сәбит Ахметов, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу заңнамалары департаментінің директоры:
- Ақша жүрген жерде жемқорлық та қатар жүреді. Біз оны азайту мақсатында порталды ашық қылдық. Біздің қазіргі мақсатымыз – жұмыстың орындалу процесін автоматтандыру.
Қазақстанда мемлекеттік сатып алу секторында 15 мыңдай компания жауапсыз деп танылған. Ал жалпы реестрде 90 мың қатысушы бар. Енді олардың да саны қысқаруы кәдік.
Себебі Қаржы министрлігі алдағы шілдеден бастап тендерге қатысушы компанияларға 4 жаңа талап қойып отыр. Олар: қаржылық тұрақтылық, 3% мөлшерден кем емес салықтық төлемнің болуы және еңбек ресурстары мен техниканың болуы.
Нұрғали Бөксіков, желдеткіш шығаратын зауыттың директоры:
- Психологиямызды ауыстыру керекпіз. Үнемі тесік істеп жүреміз, бірақ есік ашық тұр ғой. Мемлекеттік өндірушілерді қолдау керек.
Нұрғали Бөксіков келер жылы да, одан кейін де тендерге қатыса береді. Себебі ол мемлекеттік сатып алу секторы әйтеуір түбінде отандық өндірушілердің нағыз қолдаушысына айналарына сенеді. Ал Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу туралы тағы бір жаңа заңды әзірлеп қойды. Құжат осы айдың соңына дейін Мәжілістің қарауына енеді.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Абдолла Исаев, Ұлан Нарынбек